Алматыда студенттер арасында Шәмші әндерінен байқау өткізілді (ФОТО)

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде белгілі сазгер, қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовқа арналған «Әнім сен едің» атты ән байқауы өтті.

Байқауды Өнер және мәдениет факультеті ұйымдастырып, 8 өнерпаз бақ сынасты. 

«Бұл игі шараны ұйымдастыруымыздың себебі, болашақ шығармашылық, өнер адамдары болған соң, студент-жастарды сол саланың майталманы болуға ынталандыру. Оның үстіне Шәмші әндері десе, өре түрегелмейтін қазақ жоқ. Байқаудың мақсаты - білім алушылардың патриоттық сезімін оятып, Шәмші әндерін өскелең ұрпаққа жеткізе отырып, ерекше таланттарды табу болатын», - деді Мәдени-бұқаралық жұмыстардың теориясы мен әдістемесі кафедрасының профессоры А.Көпбаев.

Сондай-ақ, кешке әділқазылар алқасы ретінде ҚР Еңбек сіңірген танымал әншілері Гүлнәр Сиқымбаева, Гүлмира Ақүрпекова және ҚР Мәдениет қайраткері Гүлнұр Өмірбаева арнайы келіп қатысып, өз бағаларын беріп, сын-пікірлерін айтты.

Сайыстың шарты бойынша үміткерлер екі туынды орындау қажет болды: бірі  Шәмші әні болса, екіншісі  еркін тақырыпта өнер көрсету. Оған қоса, байқауға қатысушылар баян, фортепиано, домбыра аспаптарының сүйемелдеуімен әнді жанды дауыспен орындап шықты.

 «Мәдени-бұқаралық жұмыстардың теориясы мен әдістемесі» кафедрасының 4 курс студенті Айдана Қуаныш бас жүлдені алды,  1-орынды «Музыкалық білім берудің теориясы мен әдістемесі» кафедрасының 4 курс студенті Күнімқыз Шералиева иеленді. Екінші орынды 2 курс студенті Дана Тәжіханова алса, үшінші орынға 1 курс студенті Қарлығаш Нәсірова лайық деп табылды. Ал, қалғандары ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.

2 3 4 

Соңғы жаңалықтар