Алматыда сотқа дейін дауларды реттеу институттарына не жетіспейтіні айтылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Сенат депутаты Ләззат Сүлеймен Алматы қаласына жұмыс сапары аясында «Әділет» жоғары құқық мектебінде кездесу өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат жоғары палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шараға «Әділет» жоғары құқық мектебінің деканы, еліміздің Жоғары соты жанындағы Ғылыми-ақылдастық кеңесінің мүшесі, заң ғылымдарының докторы, профессор Светлана Мороз, Қазақстан Ұлттық тұтынушылар одағының басқарма басшысы, Қазақстан Медиаторлар одағының президенті, ассоцияланған профессор Светлана Романовская, адвокаттар, ғалымдар мен докторанттар қатысты.

Кездесу депутат бастамашы болған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне соттан тыс және сотқа дейінгі дауларды реттеу институттарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы аясында өтті. Онда заң жобасына енгізілетін өзгерістер қаралды.

Жүздесуге қатысушылар Қазақстандағы медиация институтын одан әрі дамытудың келешегін, соттан тыс және сотқа дейін дауларды реттеу институттарын мемлекеттік реттеу тетіктерін, сондай-ақ медиацияға қатысты өзекті мәселелерді қызу талқылады.

Кездесу қорытындысы бойынша жинақталған ұсыныстар уәкілетті мемлекеттік органдардың, ғалымдар мен сарапшылардың қатысуымен өтетін жұмыс тобының отырыстарында қарастырылып, зерттелетін болады.

Сондай-ақ Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Әли Бектаев Түркістан облысының Келес ауданында жұмыс бабындағы сапармен болып, облыстық және аудандық мәслихат депутаттарымен, медицина, ауыл шаруашылығы және су шаруашылығы қызметкерлерімен, әлеуметтік-мәдени сала, шағын және орта бизнес өкілдерімен кездесу өткізді.

Депутат Парламент қабылдаған заңдардың негізгі ережелері туралы хабардар етті.

Кездесуде Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауының негізгі басымдықтарын іске асыру мәселелері талқыланды, сондай-ақ елімізде жүзеге асып жатқан реформалар егжей-тегжейлі түсіндірілді.

Қатысушылар өздерін толғандырған мәселелермен бөлісіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, білім беру, аз қамтылған отбасыларды қамтамасыз ету мәселелерін көтерді.

Әли Бектаев барлық өзекті мәселелер бойынша тиісті органдарға депутаттық сауал жолданатынын және жеке бақылауға алынатынын атап өтті.

Ал Сенат төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров Шымкент қаласындағы жұмыс сапары аясында қалалық мәслихат депутаттарымен және жергілікті зиялы қауым өкілдерімен кездесті.

Жиынға сенаторлар Айгүл Қапбарова, Нұрлан Бекназаров, Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы Ғани Ташқараев және қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы Нұрғазы Бұхарбай қатысты.

Депутаттар кездесуде Парламентте қабылданған заңдардың мазмұнына тоқтала келіп, «Педагог мәртебесі туралы» заңның және атаулы әлеуметтік көмектің ерекшеліктерін талқылады.

Алқалы жиында сөз алған Бектас Бекназаров Парламент қабылданған заңдарды халыққа кеңінен түсіндіру мақсатында осы жылдың 5 қаңтарынан бастап өңірлерді аралап, тұрғындармен көптеген кездесулер болғанын атап өтті. Сенатордың айтуынша, кездесулердің басты мақсаты – халықтың өзекті мәселелерін шешу үшін азаматтардың өзінен ұсыныстар жинау болып отыр.

Сенат депутаттары кездесуде қозғалған өзекті мәселелер мен тиімді ұсыныстар палата отырыстарында сарапқа салынатынын, қажетті жағдайда Үкіметке жолдап, олардың оң шешім табуына ықпал ететіндерін жеткізді.

Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып отырған бағдарламалардың орындалуы жөнінде хабардар болған депутаттар алдағы уақытта да Шымкент қаласының өсіп-өркендеуі жолындағы жобаларға өз үлестерін қосып, қолдау білдіретіндерін айтты.




Соңғы жаңалықтар