Алматыда сирек кездесетін науқастарды дәрі-дәрмекпен қамтуға бюджеттен қосымша қаржы қарастырылады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда қалалық мәслихаттың VІ шақырылымының кезектен тыс ІІІ-сессиясында қосымша дәрілік заттарды сатып алу мәселелері қаралды.

Атап айтқанда, өкпе тамырының гипертензиясы мен сүйек кемігі фиброзына шалдыққан адамдарды дәрімен қамту тілге тиек етілді.

«Алматы Денсаулық сақтау басқармасы сирек кездесетін ауруларды емдеуді қамтамасыз ету үшін 2016 жылғы бюджет есебінен қосымша қаражат бөлу мәселесін ұсынады. Алматыда 3 адам бірінші аурумен ауыратын болса, олардың әрқайсысы жылына 13 құты дәрі ішу керек. Бір құтының құны 220 мың теңге. Оларды дәрімен қамтуға 8 млн 851 мың теңге қажет. Сондай-ақ, сүйек кемігі фиброзымен ауыратын 4 науқастың әрқайсысы 1 млн 646 мың теңге болатын дәрі ішуге мәжбүр. Яғни, оларды жылдық дәрімен қамтуға 70 млн теңге қажет», - деді басқарма басшысы Уәлихан Ахметов.

Өз кезегінде депутаттар аталған ұсынысты қабыл алды. Алайда, басқарма басшысының келтірген дерегіне күмәнмен қарады. Яғни, дәрілік заттарды бірнеше есе арзан бағаға алуға болатынын алға тартты.

Осыған байланысты Алматы әкімі Бауыржан Байбек те мұқият болуды ескертті.

«Медицина мәселесіне келгенде бәрінің тәбеті ашылып шыға келеді. Ол рас. Баға мәселесін тағы қайта анықтап, жұмыс тобына есеп беріңіз», - деді Б.Байбек.

Соңғы жаңалықтар