Алматыда синтетикалық есірткіге тәуелді жасөспірімдер саны артты - нарколог

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда жыл басынан бері синтетикалық есірткіге тәуелділігі бар 17 жасөспірім есепке алынды. Мұндай деректі өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде психикалық денсаулық орталығы директорының наркологиялық қызмет жөніндегі орынбасары, жоғары білікті санатты психиатр-нарколог дәрігер Гүлмира Әбдібаева келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дәрігердің айтуынша, мамандар синтетикалық есірткінің қаншалықты қауіпті екенін айтып, дабыл қақсада, оған тәуелділердің саны азаяр емес. Әсіресе,18 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында синтетикалық есірткіге әуестенгендер көбейген.

«Есепке қойылған жасөспірімдер саны артты. Егер 2021 жылы есепте 8 кәмелетке толмаған болса, 2022 жылы - 18, ал 2023 жылдың бірінші тоқсанында - 17 жасөспірім есепке алынды», - деді ол.

Психикалық денсаулық орталығы директорының наркологиялық қызмет жөніндегі орынбасары, психиатр-нарколог дәрігер Гүлмира Әбдібаева балалар мен жасөспірімдердің ата-аналарын олармен сенімді қарым-қатынасты сақтауға шақырды.

«Егер бала есірткі туралы сұраса, қорықпаңыз, оны не үшін қызықтыратынын, не көргенін немесе сезінгенін білуге, түсінуге тырысыңыз. Жазалаудың қажеті жоқ. Кез келген бала үшін ата-анасының қолдауы, көмектесуі өте маңызды», - деді дәрігер.

Сарапшының айтуынша, бүгінде ең көп таралған синтетикалық препараттар-амфетамин (ЖИТС деп танылған, амф, жылдамдық, фен, тез), метамфетамин және экстази (MDMA). Осы түрдегі препараттардың химиялық құрамы допаминнің бөлінуін жасанды түрде ынталандырады, нәтижесінде көңіл-күй біраз уақытқа көтеріледі, стресс және барлық проблемалар мен уайымдар уақытша жойылады.

«Есірткі қолданушылар көп жағдайда мәселенің бар екенін жоққа шығарып, кез-келген уақытта келесі дозадан бас тарта аламын деп сеніп, көмек сұрауға тырыспайды»,- дейді маман.


Соңғы жаңалықтар