Алматыда синтетикалық есірткі өндіретін жасырын зертхана жойылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы қаласы бойынша департаменті синтетикалық есірткі өндіретін жасырын зертхананың әрекетін тоқтатты, деп хабарлайды департаменттің баспасөз қызметі.

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, 2020 жылғы 4 ақпанда жедел-іздестіру іс-шараларын іске асыру барысында аса ірі мөлшерде синтетикалық есірткіні құпия орынға қалдыру сәтінде есірткі зертханасын ұйымдастыруға және оның жұмыс істеуіне қатысы бар Алматы қаласының «А» деген тұрғыны ұсталды.

Жедел-тергеу іс-шараларын жүргізу нәтижесінде шамамен 5 кг синтетикалық есірткі, 1 кг және 260 литрге жуық химиялық қоспа табылып, алынды, олар сот-химиялық сараптамаға жолданды.

Жүйкеге әсер ететін дайын өнім Интернет-ресурстар арқылы және байланыссыз тәсілмен құпия орынға салу жолымен таратылғаны анықталды.

ҚР ҰҚК Алматы қаласы бойынша департаменті осы факт бойынша ҚР ҚК 297-бабының 3-бөліміне сәйкес қылмыстық іс қозғады. Ұсталған адам тергеу изоляторына қамалды, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда.

Соңғы уақытта Алматы қаласына синтетикалық негіздегі есірткіні жасырын дайындау және «қара нарыққа» жеткізу фактілерінің ұлғаюы байқалатынын атап өту қажет.


Соңғы жаңалықтар