Алматыда шот-фактураны электронды форматта толтырмаған кәсіпкерлерге айыппұл салынады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматылық кәсіпкерлер тауар мен қызметін сату кезінде 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап шот-фактураны электронды форматта тапсыруға міндеттеледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қалалық Мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Салық заңнамасына енгізілген өзгертуге байланысты 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап қосылған құн салығын төлейтін кәсіпкерлердің барлығы шот фактураларды электронды түрде тапсыруы керек болатын.

«Электронды шот-фактуралар» ақпараттық жүйесі ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтында (kgd.gov.kz) жарияланған.

«Ақпараттық жүйені қосу үшін алдымен ХҚО-ға барып, электронды қолтаңба алу керек. Заңды тұлғалар ұйым басшысының атына электронды қолтаңба алуы керек. Ал жеке кәсіпкерлерге тек жеке кәсіпкерлік атынан ЭЦҚ алса болады. Ол үшін Электронды үкіметтің esf.gov.kz сайтына тіркелу керек. Бұл тәртіпті сақтамаған кәсіпкерлерге әкімшілік жаза қарастырылған. Кәсіпкер бірінші рет шот-фактура толтырмаса, ескерту жасалады. Екінші рет толтырылмаса, салық төлеушіге айыппұл салынады. Шағын кәсіпкерлікпен айналысатындарға - 40 АЕК, орта кәсіпкерлікпен айналысатындарға - 100 АЕК, ірі кәсіпкерлерге 150 АЕК көлемінде айыппұл салынады», - деді департаменттің баспасөз қызметінен.

Салық органдары кәсіпкерлерге жыл соңына дейін «Электронды шот-фактура» жүйесіне тіркелуге кеңес береді.

Айта кету керек, департаменттің таратқан мəліметтеріне сəйкес, Алматыда 25 мың ҚҚС төлеушінің 19 мыңы ғана «Электронды шот фактура» жүйесінде тіркелген.

6 мың кәсіпкер жүйеге тіркелуге асығыстық танытпай отыр. Жыл соңына дейін 45 жұмыс күні қалды. Тіркелу барынша жеңілдетілген. Салық төлеушілер салық органдарына келмей-ақ онлайн түрде тіркеле алады. Егер бұл рәсім жасалмаса, онда олар шот фактура жазу мүмкіндігінен айырылады.

 

Соңғы жаңалықтар