Алматыда Шөмішбай Сариевке мемориалды тақта орнатылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда ақын Шөмішбай Сариев тұрған үйге мемориалды тақта орнатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемориалды тақта Шөмішбай Сариев тұрған «Самал -2» шағынауданындағы № 43 үйдің қабырғасына орнатылды.

Шараға Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров, зиялы қауым өкілдері мен ақының туған-туыстары қатысты.

«Бүгін ерекше тарихи күн. Қазақтың біртуар ақыны Шөмішбай Сариевтың тұрған үйінде ескерткіш тақта ашылды. Ақынның сөзіне жазылған әндер әр қазақтың жүрегінде мәңгі сақталады. Менің репертуарымда Шөмішбай ағаның сөзіне жазылған біраз ән бар «Атамекен» әнін ерекше атап өткім келеді. Бұл ән кең байтақ қазақ даласына кеңінен танылған. Мен өте бақыттымын. Дүниежүзінің сахнасында «Атамекен» әнін орындағанда көрермендер көздеріне жас алады. Әсіресе, шет елдегі қазақтардың жүрегін елжіретті. Тіпті, осы әннің арқасында атамекеніне оралған қандастарымызда бар. Шөмішбай ағаның керемет өлеңдері бар кезде, ол кісінің есімі ешқашан өшпейді»,- деді Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева.

Айта кетейік, ақын биыл 15 ақпан күні 75 жасқа қараған шағында дүниеден озды.

Шөмішбай Сариев 1946 жылы 15 сәуірде Қызылорда облысы, Арал ауданы, Шөміш стансасында дүниеге келген. Еңбек жолын Қазалы аудандық «Ленин туы», Арал аудандық «Толқын» газеттерінен бастаған. Кейіннен «Қазақстан» баспасының редакторы, «Жұлдыз» журналы бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми, аға ғылыми қызметкері болған.

1971 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітірген.

1996 жылы «Қазіргі қазақ лирикасының ізденістері» атты тақырыпта ғылым кандидаты дәрежесін иеленді. «XX ғасырдың жиырмасыншы жылдардағы поэзиясы» атты монография жазған. Өмірінің соңғы жылдарында М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметкер болды.

«Ғашықтар жыры», «Бозжорға» атты авторлық бейнетаспасы жарық көрді. Г.Гулиа, О.Берггольц, И.Абашидзе, С.Викулов, А.Дементьев, Ф.Алиева, Р.Рождественский, М.Эминеску, т.б. ақындардың өлеңдерін қазақ тіліне аударған.

Алғашқы жыр жинағы 1974 жылы «Балдәурен» деген атпен жарық көрген. Содан бергі аралықта қазақ, орыс тілдерінде он бес шақты кітабы шықты.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, бірінші дәрежелі «Барыс» және «Парасат» ордендерінің игері, «Франц Кафка атындағы халықаралық Алтын Медаль» сыйлығының лауреаты, «Платина Тарлан» сыйлығының лауреаты.









Соңғы жаңалықтар