Алматыда шіріген ағаштар кесіліп, 50 мың көшет отырғызылады

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда 84 мың шіріген немесе құлау қаупі бар ағаш бар. Бұл мәселені шешу үшін оларды кезең кезеңімен кесу және жас көшеттерге ауыстыру бойынша арнайы бес жылдық бағдарлама қабылданған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингісінде қалалық экология және қоршаған орта басқармасы басшысының орынбасары Ұлан Абдулдаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, биыл 5 мың апатты ағаш кесіліп, оның орнына 50 мың көшет отырғызылады.

«Ағаштардың жалпы санынан 485 мыңы жетілген олар негізінен қаланың орталық бөлігінде. Сонымен қатар, Алматыда 84 мың шіріген не құлағалы тұрған ағаш бар. Бұл мәселені шешу үшін оларды кезең-кезеңімен кесу және жас көшеттерге ауыстыру бойынша арнайы бес жылдық бағдарлама қабылданды. Биыл 5 мың апатты ағаш кесіліп, оның орнына 50 мың көшет отырғызылады»,- дейді спикер.

Сонымен қатар, ол Алматыда 1 миллион ағаш отырғызу бойынша «Жасыл Алматы» бағдарламасы жалғасып жатқанын атап өтті.

«1 млн ағаш отырғызу бойынша «Жасыл Алматы» бағдарламасын жүзеге асыру жалғасуда. Акция басталғалы 643 мың көшет отырғызылса, 2022 жылдың көктемінде 145 мың ағаш отырғызылды. Биылғы жылдың соңына дейін 360 мың жер телімі қалды. Көгалдандыру алаңдары ғалымдардың пікірлерін ескере отырып, дендрологиялық жоспарға сәйкес белгіленеді», - деп атап өтті ведомство өкілі.

Спикердің сөзінше, алайда Алматының барлық аудандары жасыл және абаттандыру алаңдарымен мақтана алмайды.

«Бүгінгі күні жасыл желектермен қамтамасыз ету біркелкі емес. Мысалы, Алатау мен Наурызбай аудандарында жеткіліксіз», – деді Ұлан Абдулдаев.

Сондай-ақ ол жалпы пайдаланылатын жерлерде өсетін ағаштар қаланың жасыл екпелерінің бірыңғай тізіліміне енгізілгенін еске салды.

«Қалалық жасыл кеңістік тізімі жүйесі негізінде жасыл кеңістіктердің түрлері, түр құрамы, аумақ көлемі, жағдайы және орналасуы туралы деректерді үнемі жаңартып отырады.Соңғы жылдары Алматыда қалалық екпелерге зиян келтіретін инвазиялық зиянкестер түрлерінің жаппай енуі байқалуда»,- дейді ол.

Басқарма ағаштар мен бұталарды қорғау және жақсарту шараларын қабылдаған.

«Біз биологиялық өнімдер кешенін және феромон тұзақтарының биологиялық агенттерін қолданамыз. Жүргізілген жұмыстардың арқасында бұталардың зақымдану дәрежесі 70-85%-дан 30-35%-ға дейін төмендеді»,- деп қосты спикер.


Соңғы жаңалықтар