Алматыда шетелдіктердің мазасын алған таксист 5 тәулікке қамауға алынды

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әуежайында шетел азаматтарынан тасымал қызметі үшін қомақты қаржы алған такси жүргізушісі бес тәулікке қамауға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының мәліметінше, сот М-нің бұрын Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 449-бабы бойынша әкімшілік жауапқа тартылғанын анықтады.

М. 2023 жылдың 21 мамырында Алматы халықаралық әуежай аумағында қоғамдық тәртіпті бұза отырып, Үндістан азаматы V-ға тасымалдау қызметін көрсету мақсатында оның мазасын алған.

Сот отырысында М. кінәсін мойындап, өкінетінін айтты.

«Сот М-ны кінәлі деп танып, оған 5 тәулікке әкімшілік қамауға алу түріндегі жаза тағайындады»,- деп хабарлады Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі.

Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, 21 мамыр күні такси жүргізушісі Алматы халықаралық әуежайынан Үнді елінен келген туристерді қонақ үйге дейін 800 долларға жеткізгенін жазған болатынбыз.

Осындай алаяқтық жолмен ол мамырдың басында Германиядан келген туристен 400 еуро иемденген еді.


Соңғы жаңалықтар