Алматыда шетелдік қылмыстық топ өкілдері ұсталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелері ұсталы. Олардың екеуі Тәжікстан және біреуі Грузия азаматы, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҰҚК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«021 жылғы 18 ақпанда ҚР ҰҚК Алматы қаласы бойынша департаменті полициямен бірлесіп, трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топқа (ТҰҚТ) қатысушылар әрекетінің жолын кесу бойынша арнайы операция өткізді.

Үш ер адам, олардың екеуі Тәжікстан және біреуі Грузия азаматы, қала кәсіпкерлеріне қатысты ауыр және аса ауыр қылмыстар жасауға дайындалу кезінде ұсталды.

Қылмыстық ниеттерін іске асыру үшін ТҰҚТ мүшелері Мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтіп, ҚР аумағында астыртын болған», делінген хабарладама.

Комитеттің мәліметінше, 2019 жылы топ мүшелерінің бірі Қазақстанның құқық қорғау органдары тарапынан жауапқа тартылып, елден шығарылған.

Ұсталғандар бұрын бірнеше мәрте сотталған және «ұрылар қауымдастығының» әрекетіне қатыстары болған.

Олардың бірі қосарлы кісі өлтіру бойынша жазасын Ресейде өтеген. Екеуінің қылмыстық ортада «ұмтылушылар» («заңдағы ұры» атағына үміткер) мәртебесі бар және «заңдағы ұрылар» Әзиз Батукаевпен («Әзиз»), Дэвид Герлианимен («Дато Сван», 2017 жылы ҰҚК жауапқа тартқан) және басқалармен байланыста болған.

«Ұстау барысында 2 әскери тапанша, 1 шолақ мылтық, олардың оқтары, бірнеше суық қару және басқа да қару-жарақ пен қылмыс жасау құралдары табылып, алынды.

Топқа қатысушылар Алматы қаласында тәжік диаспорасының кәсіпкерлеріне тиесілі ломбардтарға, айырбастау пункттері мен тұрғын үйлерге бірқатар қарақшылық шабуыл жасау және ұрлау үшін тұрақты қылмыстық топ құруды, сондай-ақ олардан тұрақты негізде ақшалай қаражат алу үшін оларды «қамқорлыққа алуды» реттеп қоюды жоспарлаған», делінген хабарламада.


Қазіргі уақытта ұсталғандарға қатысты Қылмыстық кодекстің 287-бабы 3-бөлігі (қаруды заңсыз сақтау) бойынша қылмыстық іс қозғалды. 392-бап (Мемлекеттік шекараны қасақана заңсыз кесіп өту) бойынша қылмыстық іс қозғау туралы мәселе шешілуде.

Істің өзге де мән-жайларын анықтау, сондай-ақ аталған адамдардың басқа да қылмыстарға қатыстылығын тексеру жөніндегі жедел-тергеу іс-шаралары жалғасуда.


Соңғы жаңалықтар