Алматыда шетелден кеден заңнамасы өрескел бұзылып әкелінген көліктер тәркіленді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда 4 «қырғыз нөмірлі» көлік тәркіленді. Аталған көлік иелері оларды шекара арқылы заңсыз алып өткен. Бұл туралы бүгін қалалық кедендік бақылау департаменті құқықтық қамсыздандыру бөлімінің басшысы Қожахмет Ысқақов мәлімдеді.

«Көлікті тәркілеу әкімшілік өндірудің бір түрі болып табылады. Егер жеке тұлға көлікті шекара арқылы заңсыз енгізгені үшін әкімшілік кодекстің 430 бабының 1, 2 тармағы бойынша бір емес, бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылса, сот оның көлігін тәркілеу туралы шешім шығара алады. Қазір Алматыда қырғыз мемлекеттік нөмірлі 4 автокөлік тәркіленді. Оған қоса көлік тасымалдаушыларға аталған заңнама бойынша 20 АЕК есебінде айыппұл салынады», - деді Кедендік бақылау департаменті құқықтық қамсыздандыру бөлімінің басшысы Қожахмет Ысқақов.

Қолданыстағы заңнама бойынша уақытша әкелінген көліктерді пайдалануға қатысты бірқатар шектеулер қойылған.

Аталған көліктерді өзге тұлғаларға қолдануға беруге болмайды. Жеке тұлғаларға қолдануға беру үшін көліктер кедендік рәсімдеуден өткізілуі керек.

«Қазіргі таңда пайдалану мерзімі өтіп кетсе де, Алматы аймағында жүрген шетелдік көліктердің иелері кедендік кодексте көрсетілген мерзімде - 30 күн аралығында кедендік төлемдер мен салықтарды төлеуі қажет. Егер, бұлай болмаса, іс көлік өткізілген кеден органына - Қордайға жіберіледі. Олар өз кезегінде берешекті төлеу жөнінде хабарлама жолдайды. Жүргізуші оған да жауап бермесе, іс сотқа жіберіледі», - деді посткедендік бақылау органдары басқармасының басшысы Сапаргүл Меделханова.

Соңғы жаңалықтар