Алматыда шетел азаматтарынан 800 доллар алған таксист жазаланды

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда шетел азаматтарын әуежайдан қонақ үйге дейін 800 долларға жеткізген такси жүргізушісі жазаланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бостандық аудандық полиция басқармасына үнді азаматтары арызданды.

Белгілі болғанындай, 21 мамыр күні Алматы халықаралық әуежайы маңында жеке такси қызметін ұсынатын ер адам өз көлігіне Үнді елінен келген туристерді отырғызып, қонақ үйге дейін 1 мың теңгеге апарып тастауға уәде берген.

Алайда, межелі жерге жеткенде ол туристерден 1 180 доллар сұраған. Кері жағдайда сөмкелерін бермейтінін айтып, қоқан-лоқы көрсеткен. Сөйтіп шетелдіктер жүргізушіге 800 доллар беруге мәжбүр болған.

Полицейлер 27 жастағы жігітті ұстады. Оған қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 194-бабы (Бопсалау) бойынша қылмыстық іс тіркелді.

«Өз кінәсін толық мойындаған ол шетел азаматтарына келтірілген шығынды өтеп берді. Такси жүргізушісінің көлігі жол жүру ережелерін бұзғаны үшін және төленбеген айыппұлына байланысты арнайы тұраққа қойылды», - деп хабарлады ведомстводан.

Бұған дейін шетел азаматын әуежайдан Марков көшесіне дейін 400 еуроға жеткізген такси жүргізушісі жазаланған болатын.


Соңғы жаңалықтар