Алматыда шенеуніктер ХҚКО штатын кеңейту туралы бастама көтерді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда шенеуніктер ХҚКО штатын кеңейту туралы бастама көтерді. Мұндай ой бүгін қалалық ҚР мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті жанындағы тәртіптік кеңесте айтылды.

Мамандардың айтуынша, қала аумағының екі есе ұлғайып, халық санының артуына байланысты қалалық халыққа қызмет көрсету орталықтарында, мемлекеттік органдарда атқаратын жұмыс көлемі екі есе ұлғайған. Ал, ХҚКО-лардың штаттық көлемі әлі кеңейтілмеген. «Шынымен де мемлекеттік органдарға жүктеме ұлғайды. Бұл мәселе өте өзекті. Осы жайында қалалық әкімдік аппаратының басшысына хат жазып, қажетті талдау жұмыстарын жүргізу туралы ұсыныс жазамыз. Мемлекеттік істер жөніндегі агенттікке де хат жібереміз», - деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және мемлекеттік қызмет сапасын бақылау қоғамдық кеңесінің төрағасы Станислав Канкуров. Алматы қалалық әкімдігі аппаратының мемлекеттік қызметті қадағалау бөлімінің жетекшісі Мейрам Сүйіндіковтің айтуынша, Алматыда 80 мемлекеттік орган жұмыс жасайды. «2015 жылы аталған органдар 7 155 020 қызмет көрсеткен. Оның ішінде 155 158 қызмет ХҚКО арқылы көрсетілді. Бұл көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда екі есе артық. Білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау саласында қызмет түрлері халық арасында ең көп сұранысқа ие», - деді Мейрам Сүйіндіков. Оның айтуынша, 2015 жылдың 8 айы ішінде жүргізілген мониторинг бойынша көрсетілетін қызметті кешіктірудің 87 дерегі анықталды. Осыған сәйкес 26 тұлға тәртіптік жазаға тартылды. 10 ескерту жасалып, 15 сөгіс жарияланды.

Соңғы жаңалықтар