Алматыда шенеунік «Оңай» картасын әлеуметтік желіге тіркеп қоюға кеңес берді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Алматы жолаушылар тасымалы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсұт Исахов «Оңай» картасынан ақшам жоғалды» деп дабыл қаққандарға жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Соңғы уақытта «Оңай» картасынан ақшам жоғалды» деген адамдар көп болып кетті. Мен өзім мынандай мәлімдеме жасағым келеді. «Оңай» картасынан ақша ешқайда кетпейді. Тіпті сенімсіздік болып жатса, «Оңай» жүйесінің арнайы сайтына кіріп жеке кабинет ашып, оны телеграм әлеуметтік желісіне тіркеп қоюға кеңес беремін», - деді М.Исахов.

Басқарма басшысы «Алматы транспорт холдингі» ЖШС арнайы халыққа қызмет көрсету орталығына келіп, картадағы қаржының қалай жұмсалғанын анықтап біліп кетуге болатынын айтты.

Айта кету керек, Алматыда бүгіннен бастап қоғамдық көліктерде сараланған тариф енгізілді. Жолаушылар «ОҢАЙ» картасы немесе СМС және банк карталары арқылы - 80 теңге, ал қолма-қол ақша болса 150 теңге төлеуі тиіс.

Тек метродағы төлемдер ғана өзгеріссіз қалды.

Бүгін қалалық әкімдіктің өкілдері арнайы рейд ұйымдастырды. Рейд нәтижесіне сәйкес, түскі 14:00-де 23 млн теңге жиналды.

«Ал сараланған тариф енгізілмей тұрып өткен сейсенбіде күні бойы 26 млн теңге жиналған еді. Қоғамдық көлікті пайдаланған жолаушылардың саны 28 пайызға өсті. Яғни, 28 пайыз адамдар көлеңкеден шықты. Кешке дейін екі есе көп ақша жинауды көздеп отырмыз», - деді Мақсұт Исахов.

«Алматы транспорт холдингі» ЖШС кеше ғана тасымалдаушыларға 25 000 карта таратса, бүгін тағы қосымша 5 мың картаға тапсырыс түсіп отыр.

Соңғы жаңалықтар