Алматыда Шәкен Аймановтың мүсіні орнатылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Алматыда қазақ режиссері Шәкен Аймановтың мүсіні орнатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мүсін қоладан соғылған. Авторы - мүсінші Нұрлан Далбай. Демеушілікті белгілі меценат Нұрлан Смағұлов көрсетіп отыр.

«Дәл осы жерде - «Алматы» қонақ үйі маңында Шәкен Аймановтың ең көрнекі картиналарының бірі - «Тақиялы періште» фильмі түсірілген болатын. Шәкен Айманов тірі кезінде осы жерде жұмыс күнін өткізген. Мүсін орнатылған аумақ алматылықтардың және шаһар меймандарының сүйікті орнына айналар деген үміттемін. Шәкен Айманов мүсінінің пайда болуы - тарихи оқиға десек те болады», - дейді Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек.

Мүсіннің ашылу салтанатына белгілі өнер қайраткерлері Асанәлі Әшімов, Бибігүл Төлегеновалар қатысты.
null

«Мен бүгін Шәкен Аймановқа көрсетіліп жатқан құрметке қатты қуанып тұрмын. Шәкен Айманов ұлы адам еді. Ғұмыры қысқа болса да, жарқын болды. Біз ұлтымыздың осындай тұлғаларын ұмытпауымыз керек. Дәл осындай ескерткіштер көптеп бой көтеріп жатса, нұр үстіне нұр болар еді», - дейді Асанәлі Әшімов.
null

Шәкен Айманов - қазақтың әйгілі актері әрі режиссер. 1964 жылдан КСРО халық әртісі. Туып-өскен жері - Павлодар облысының Баянауыл ауданы. Айманов Қазақстан Кинематографистер одағын ұйымдастыруға қатысып, одақ басқармасының 1-хатшысы (1958 - 70) қызметін атқарды. КСРО Мемлекеттік сыйлығының (1952) және Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының (1968) лауреаты. 1970 жылы 24 желтоқсанда Мәскеу қаласында жол апатынан қайғылы қазаға ұшырады.

null null

Соңғы жаңалықтар