Алматыда шахматтан Азия құрлықтық чемпионаты басталды

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда 18 елдің шахматшылары бақ сынайтын Азия құрлықтық чемпионаты басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында шахматтан Азия құрлықтық чемпионатының ресми ашылу салтанаты мен бірінші тур ойындары өтті. Шараға Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев, Қазақстан шахмат федерациясының (ҚШФ) президенті Тимур Турлов және Азия шахмат федерациясының бас хатшысы Хишам Аль-Тахер қатысты. Тимур Турлов Мемлекет басшысының қолдауымен Қазақстан шахматтың нағыз орталығына айналғанын атап өтті.

«Халықаралық жарыстарды жиі өткізу елімізде шахматты дамытуға әрі біздің шахмат федерациясының жұмысын күшейтуге көмектеседі. Осылайша болашақта бұдан да көп чемпиондар, мықты шахматшылар шығады», – деді ол.Өз кезегінде Хишам Аль-Тахер Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа еліміздегі шахматты дамытуға қолдау көрсеткені, Алматы әкімі Ерболат Досаев пен Тимур Турловқа чемпионатты жоғары деңгейде өткізгені үшін алғыс білдірді.Жарыстың ашылу салтанатынан соң бірінші тур ойындары өтті. Оның қорытындысы бойынша қазақстандық гроссмейстер Ринат Жұмабаев қарсыласына мүмкіндік бермей таза жеңіске жетті. Сондай-ақ Мұртас Қажығалиев, Денис Махнев, Нөгербек Қазыбек және басқалар жеңімпаз атанды. Әйелдер арасында Арнаш Бауыржан, Лия Құрманғалиева, Ксения Балабаева, Амина Қайырбекова жеңіске жетті.Қазақстан шахмат федерациясының мәліметінше, Азия құрлықтық чемпионаты Швейцария жүйесі бойынша және ФИДЕ ережесіне сәйкес 9 турдан тұрады. Оған Азияның 18 елінен 128 мықты ойыншы қатысуда.«Жарыс 12 маусымға дейін жалғасады. Шараның жүлде қоры 100 мың АҚШ долларын құрайды. Ашық чемпионаттың төрт жеңімпазы және әйелдер чемпионатының екі жеңімпазы биыл 29 шілде - 25 тамызы аралығында Бакуде өтетін ФИДЕ–2023 әлем чемпионатына қатысатын болады. Әлем кубогының жеңімпаздары шахмат әлеміндегі ең жоғары атақ – шахматтан әлем чемпионы атағы үшін таласады», - деп хабарлады Қазақстан шахмат федерациясының баспасөз қызметінен.Айта кетейік, шахматтан Азия құрлықтық чемпионатын ұйымдастырушылар – ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Азия шахмат федерациясы, Алматы қаласы әкімдігі, Қазақстан шахмат федерациясы.
Соңғы жаңалықтар