Алматыда шахматтан әлем чемпионаты ресми түрде басталды

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Балуан Шолақ атындағы спорт және мәдениет сарайында шахматтың рапид және блиц түрінен әлем чемпионаты ресми түрде ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Салтанатты ашылу рәсіміне халықаралық шахмат федерациясының президенті Аркадий Дворкович, Алматы әкімі Ерболат Досаев, мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, әлем чемпионатына қатысушы елдердің елшілері, мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысты.

Дәурен Абаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.

«Қазақстанда осы турнирді өткізуге септігін тигізгені үшін Халықаралық шахмат федерациясының басшылығына ризашылығымды білдіремін. Мұндай беделді жарыстар елімізде шахматтың танымалдылығын арттыруға тың серпін берері сөзсіз. Бүгінде қазақстандық шахматшылар балалар арасындағы және ересектер арасындағы Азия және әлем чемпионаттарында жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Олардың жетістігі өскелең ұрпақты интеллектуалды спорт түрлерімен шұғылдануға, алдына зор мақсаттар қойып, оған қол жеткізуге жігерлендіреді. Біз Қазақстанда шахматты жүйелі түрде дамытуды жалғастырамыз және Халықаралық шахмат федерациясымен ынтымақтастықта табысты жұмыс істеуге дайынбыз. Бұл біздің адам әлеуетін арттыру және зияткер ұлт қалыптастыру жөніндегі стратегиялық міндетімізге толық сай келеді. Турнир қатысушыларына жарыстан ұмытылмас әсер алып, жарқын жеңістерге жетуді тілеймін», – делінген Президенттің құттықтау хатында.

Мәдениет және спорт министрі әлем чемпионатына қолдау көрсеткен серіктестерге және қала басшылығына алғысын білдірді.

«Мен бұл турнирдің әсері орасан зор болатынына толық сенімдімін. Турнирді ел бойынша мыңдаған бала бақылап, шахмат ойнайтын болады. Бұл шахмат турнирі бізге болашақта жаңа чемпиондар сыйлайтынына сенімдімін», – деді Дәурен Абаев.

Шаһар басшысы өз кезегінде әлем чемпионатының Алматыда өтуі қала үшін үлкен мәртебе екенін атап өтті. Ол барлық қатысушыларға жеңіс пен сәттілік тіледі.

Жаһандық додаға 50 елдің үздік 290 шахматшылары қатысады. Ашық турнирге 176 ойыншы қатысады. Сайыстың фавориті соңғы 10 жылдағы әлем чемпионы Магнус Карлсен (Норвегия).

Әйелдер турнирінде 100-ден астам спортшы бақ сынайды. Қазақстанның намысын әлемге әйгілі шахматшылар Жансая Әбдімәлік пен Бибісара Асаубаева қорғайды.

Чемпионат 26-28 желтоқсан аралығында рапид ойындарымен басталады, блиц ойындары 29-30 желтоқсан аралығында өтеді. Сол күні жеңімпаздарды марапаттау және жарыстың жабылу рәсімі болады.

2022 жыл ФИДЕ шахматтағы әйелдер жылы деп жарияланды. Осы іс-шара аясында 2022 жылғы 27 желтоқсанда ФИДЕ басқарушы директоры, әйелдер гроссмейстері Дана Рейзниеце-Озола шеберлік сыныбын және талантты қазақстандық қыздарға арнап бір мезгілде ойын сеансын өткізеді.

Жарыс күндері төрешілер корпусына арналған ФИДЕ семинарлары, балалар мен барлық әуесқойға арналған бір мезгілде ойын сеанстары мен блицтер, IT саладағы бағдарламашылар үшін жеке турнир өтеді.

Турнирдің ұйымдастырушылары ФИДЕ және Қазақстан шахмат федерациясы. Чемпионат Алматы қаласы әкімдігінің және Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өткізіледі.

Шахмат сайысына билеттерді сату сервисінен алуға болады, балаларға кіру тегін. Бұған қоса, турнир chess24.com және chess.com сынды жаһандық онлайн алаңдарда көрсетіледі.

Чемпионат кестесі мен бағдарламасын чемпионаттың worldrapidandblitz2022.fide.com сайтынан білуге болады.


Соңғы жаңалықтар