Алматыда «SHABYT» жазғы амфитеатры қонақтарды қабылдауға дайын

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда бүгін «SHABYT» жазғы амфитеатры қонақтарды қабылдауға дайын. Бүгін мұнда ашық аспан астындағы Оркестрлер шеруі - V музыка фестивалі өтеді. Жаңа нысан туралы қалалық Мәдениет басқармасының басшысы Қайрат Көлбаев айтып берді.

«Мәдениет алаңында 2000-ға жуық орын жасақталған. Бұл нысан түрлі мәдени шараларды өткізуге арналған. Әртістерге, түсірілім тобына арналған бөлмелер түгел жасақталып бітті. Партерде орналасқан 400 орында жеміс пен сусын қойылған үстелдерге де жайғасуға болады», - деді Қ.Көлбаев.

Оның айтуынша, жаңа мәдени нысанды қайта жаңғыртуға қала бюджетінен 80 млн. теңге көлемінде қаржы бөлінген.

Оркестрлер шеруінің алғашқы күні А. Беляковтың жетекшілігіндегі эстрадалық-симфониялық оркестр бәрімізге таныс классикалық шығармаларды әуелетеді. Ал кештің арнайы қонағы ретінде ресейлік «КВАТРО» тобының әншілері өнер көрсетеді.

10 қыркүйекте Н.Тілендиев атындағы Академиялық фольклорлық-этнографиялық «Отырар Сазы» оркестрі қонақтар үшін Абай мен Нұрғиса Тілендиевтің танымал шығармаларын орындайды. Бұдан басқа, осы кеште Бизе, Грига, Верди, Хачатурян сияқты әлемдік классиктердің шығармаларын да қазақ халық аспаптарының орындауында тыңдауға мүмкіндік туады.

Мереке жабылатын күні концерттік бағдарлама үрлемелі аспаптардың өнерін көрсетуге бағытталады.

Мемлекеттік үрлемелі оркестр қонақтарға арнап «Кошки», «Иисус Христос - суперзвезда», «Юнона и Авось», «Отверженные», «Чикаго» сияқты әлемдік мюзиклдің композицияларын орындайды.

«12 қыркүйекте жазғы театрда - Батырхан Шүкеновтің жеке концерті, 17 қыркүйекте «Алматым - жүрегімде» ән байқауы өтеді. Оркестрлер шеруінен түскен қаржы түгелімен қайырымыдылық қорына аударылады», - деді Қ.Көлбаев.

Соңғы жаңалықтар