Алматыда сертификатталмаған пиротехника саудасы азайып келеді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда заңсыз пиротехникалық бұйымдар саудасы азайып келеді. Бұл туралы бүгін ТЖД өткізген брифинг барысында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық Полиция департаменті Азаматтық және қызметтік қару айналымын қадағалайтын бөлімнің аға инспекторы Рақым Толоқұловтың айтуынша, 30-ға жуық жеке және заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

«Бұл заңбұзушылық ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 436-бабы бойынша елдi мекендерде атыс қаруынан, газды, пневматикалық, лақтырылатын және электрлі қарудан оқ ату, пиротехникалық бұйымдарды қолдану бабымен реттеледі. Көбінесе сатушылар арасында пиротехникалық бұйымды сақтауда тәртіп сақталмайды. Бұл бап үшін 10-40 АЕК аралығында айыппұл төлеуі белгіленген. Айыппұл көлемі кәсіпкерлік қызметінің түріне байланысты. Былтыр 30-ға жуық жеке тұлға әкімшілік жазаға тартылған», - деді Рақым Толоқұлов..

Осындайды болдырмау мақсатында полиция жыл сайын «Пиротехника» жедел профилактикалық шарасын өткізеді. Бұл шараның 1-кезеңінде халықты ақпараттандыру жұмыстары жүргізіледі. 2-кезеңінде пиротехникалық тауарларды саудалау орындарында арнайы рейд жүргізіледі. «Былтыр осындай рейд барысында 2 мың келіден аса тауар тәркіленген. Адамдар пиротехникалық тауар сатып алатын кезде сатушының саудаға лицензиясын тексеріп қана қоймай, бұйымдардың сертификатын сұрағаны дұрыс», - деді Рақым Толоқұлов..

Мамандардың айтуынша, қазір Алматыда сертификатталған пиротехникалық бұйым сататын 5 арнайы дүкен бар. Ал базардағы саудагерлердің осындай затты сатуға лицензиясы жоқ.

«Жалпы алғанда сертификатталмаған пиротехникалық бұйымдардың заңсыз саудасы қысқарып келеді. 2016 жылы Полиция айналымнан 4 мың келіден астам бұйым тәркілесе, былтыр 2 мың келіден аса бұйым заңсыз айналымнан алынды. Заңсыз пиротехникалық бұйымдар арнайы полигондарда жойылады», - деді Рақым Толоқұлов.

Қалалық ТЖД ірі сауда ойын сауық орталықтарында өрт сөндіруші паровоз бейнесіндегі агитациялық материалдар орнатқан. Қала тұрғындары бұл жерлерде пиротехникалық бұйымдарды қолданудың қауіпсіздік ережелерімен танысып, естелік селфи жасай алады.

Соңғы жаңалықтар