Алматыда «Сергек» камералары арқылы борышкерлерді анықтау рейдтері жүруде

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешенінің көмегімен көлік құралдарының салығы бойынша борышкерлерді анықтау рейдтері жүруде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Рейдті Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті жеке сот орындаушылар палатасы, Әділет департаменті және жол полициясы қызметкерлерімен бірлесіп жүргізуде.

Бүгін өткен рейдте «Сергек» камерасымен 534 мың теңгеге берешегі бар NISSAN PATROL маркалы автокөлік тіркелді. Бұл автокөлік табылып, айыппұл тұрағына қойылды.

Қалалық Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, рейдтер ағымдағы жылдың соңына дейін жалғасады.

Бүгінде Алматы қаласы бойынша жеке тұлғалардың көлік құралдарына салынатын салық берешегінің жалпы сомасы – 3,6 млрд. теңге. Борышкерлер саны - 40 541. Олардың берешегін өндіріп алу туралы бұйрықтар шығарылды және мәжбүрлі түрде өндіріп алу үшін атқарушылық іс жүргізу органдарына (Әділет департаменті және жеке сот орындаушыларының палатасына) берілді.

Айту керек, борышкерлер әлеуметтік төлемдер немесе жәрдемақылар, білім беру депозиттерін алу үшін қажетті шоттардан басқа шоттар аша алмайды. Сондай-ақ, салық міндеттемелерін өтемеген жағдайда заңнамада белгіленген мерзімде өсімпұл есептеледі.

Салықтарды E-Salyq Azamat мобильді қосымшасы, Egov порталы арқылы, Қазпошта бөлімшелерінде, сондай-ақ, Екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшасы арқылы төлеуге болады.

Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті қала тұрғындарын уақытылы салық төлеуге шақырады.


Соңғы жаңалықтар