Алматыда сел қаупін бақылау смарт-технологиялар арқылы жүзеге асырылатын болды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаменті қаладағы сел жүру қаупін инновациялық технологиялар арқылы бақылайтын болды. Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында департамент басшысының орынбасары Ерлан Әлібеков айтты.

«Қазір тау көлдерінде, өзен аңғарларында сел жүру қаупін бақылайтын  гидробекеттер орнатылады. Бұл әдістер бүгінде ескірді. «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында сел жүру қаупін бақылаудың автоматты жүйесін енгізіп жатырмыз. Жүйе арқылы Алматының тауларындағы көлдер мен өзендердің аңғарын онлайн режімде бақылап отыруға мүмкіндік туады», - деді қалалық Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Ерлан Әлібеков.

Оның айтуынша, 2017 жылы қалалық ТЖД Үлкен Алматы мен Кіші Алматы, Қарғалы,  Ақсай өзендерінің аңғарын бақылауға мүмкіндік беретін жүйе жасаған.

Цифрлық бақылау жұмыстарын 2020 жылға дейінгі уақытта аяқтау жоспарда бар. Оған 56 млн теңге қаржы бөлінген.

Сонымен қатар, биыл қауіпті жағдайдың қалыптасу мүмкіндігін зерттеуге қосымша 27 млн теңге бөлінген. Бұл қаржыға Кіші және Үлкен Алматыда геоақпараттық жүйелер енгізілетін сел картасы жасалды.

«Дәл қазір морена көлдері мұз құрсауында жатыр. Маусымда бөгенді бұзып кетуі мүмкін деген 7 көлден  суды сорғызу жұмыстары басталады»  - деді Е. Әлібеков.

Соңғы жаңалықтар