Алматыда Сайран көлінің жағалауы қалай абаттандырылады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласындағы М.Әуезов ауданының әкімі Сайран Сайфеденов брифинг барысында Сайран көлінің аумағын абаттандыру бойынша қандай жұмыстар атқарылғанын және оның қалай дамитынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қаланың көрікті жерлерінің бірі - Сайран көлінің жағалауы. Біз көлдің батыс жағалауына, шамамен 10 гектар жерге қызмет көрсетеміз. Ол жерде біздің мердігер компания жұмыс істеп жатыр. Спорт, футбол алаңы салынды. Демалыс орындары қарастырылған. 2020 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында екі шағын жобаны жүзеге асырдық. Абай даңғылынан Сайранға дейінгі баспалдақтарды жөндеп, Үлкен Алматы өзені бойына орындықтар орнаттық. Сондай-ақ Сайраннан төмен, «Тастақ» шағын ауданында Райымбек даңғылы бағытында бос жер болатын, біз бұл аумақты да абаттандырдық, жарық тартып, орындықтар орнатып, балалар алаңын аштық», - деді аудан әкімі.

Сонымен қатар, ол қалалық жасыл экономика басқармасы Сайран көлінің жағалауын абаттандыру бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірлеп жатқанын атап өтті. Аяқтау мерзімі – 2022 жылдың наурыз айы.

«Содан кейін аталған жоба мемлекеттік сараптамадан өтіп, іске асырылады. Бұл жоба заманауи қоғамдық кеңістікті, жаяу жүргіншілер мен спорт алаңдарын құруды көздейді. Біз мемлекеттік сараптаманың шығуын, жобалау-смета құжаттамасының аяқталуын күтіп отырмыз. Осыдан кейін көлдің батыс және шығыс жағалауы толығымен өзгереді деп ойлаймын. Келесі жылды күтеміз», - дейді Сайран Сайфеденов.


Соңғы жаңалықтар