Алматыда Сайран көлінің түбін тазарту жұмыстары басталды

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласының экология және қоршаған орта басқармасының мамандары Сайран көлінің түбін тазарту жұмыстарын бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әкімдіктің мәліметінше, Сайран көлінің түбінен бөлек, жағалауын лайдан, қамыс пен қоқыстан механикалық тазарту жұмыстары жүргізілуде.

«Бұрындары Сайран су қоймасының түбін тазарту жұмыстары мүлдем жүрмеген. Механикалық тазалау жобасы аясында тереңдету, еңістерді түзеу, батыс жағалауды реттеу, жағажайды тазалау мен сол жақ жағалаудағы пирсті жөндеу жұмыстары қарастырылған. Механикалық тазарту жұмыстарын мамыр айының соңына дейін аяқтау жоспарланған», - делінеді әкімдік таратқан хабарламада.

Су қоймасының түбін тазарту жұмыстарының жалпы аумағы 162 мың шаршы метрді құрайды. Тазарту жұмыстарымен 35 жұмысшы айналысады.

Әкімдіктен хабарлағандай, биыл сәуір айында осыған ұқсас тазарту жұмыстарын Әуежай және Қарасу өзендерінде де жүргізу жоспарлануда.

Еске салайық, Алматы әкімі Ерболат Досаев биыл «Сайран» көлінің түбі тазартылып, аумағы абаттандырылатынын айтқан болатын.



Фото: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі



Соңғы жаңалықтар