Алматыда сәуір айында вакцина салатын 250 пункт ашылады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыдағы эпидемиологиялық ахуалға арналған онлайн баспасөз конференциясында қала әкімі Бақытжан Сағынтаев алматылықтарды жаппай вакциналаудың қашан басталатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қала әкімінің айтуынша, сәуір айында 250 егу пункті ашылады. Оның ішінде ірі сауда орындарында да екпе пункттері жұмыс істейтін болады.

«Қоғамдық денсаулық басқармасы ашылатын вакциналау пункттерін қажетті медициналық жабдықтармен және мамандармен қамтамасыз ететін болады. Ал қаржылық шығындарды есептеуді Алматы әкімдігінің стратегия және бюджет басқармасы жүзеге асырады. Бұдан бөлек, бизнес қауымдастық тасымалдау, сақтау, үй-жай беру және вакциналау пункттерін ұйымдастыруға тегін қолдау көрсетеді»,- деді әкім.

Сонымен қатар, ол коронавирусқа қарсы жаппай вакциналау жүргізілген жағдайда, оны жұқтыратын адам санының күрт азаятынын айтты.

«Жаппай вакциналау қалыпты өмір салтына оралуға және карантиндік шектеулерді біртіндеп жеңілдетуге мүмкіндік береді. Вакцина – аурудың алдын алудың ең сенімді әрі барынша тиімді шарасы, яғни вакцина емдемейді, қорғайды»,- деп толықтырды Бақытжан Сағынтаев.

Айта кетейік, бүгінде қалаға 21 850 доза вакцина жеткізілді. Сәуір мен мамыр аралығында Алматы вакцинаның қосымша 750 мың дозасын алады – айына 250 мың дозадан.


Соңғы жаңалықтар