Алматыда сәуір айында 40 адамды кене шақты

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда сәуір айында 40 адамды кене шаққан. Бұл туралы брифинг барысында қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының қабылдау бөлімінің меңгерушісі Бауыржан Омаров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл 1 сәуір мен 30 сәуір аралығында Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасына кене шаққан 40 ересек адам түскен.

«Ауруханада зардап шеккен 16 адамның денесінен кене шығарып алынды, 15 адам кенені өздері алып тастаса, 9 адам денесіндегі кенемен бірге ауруханаға жеткізілді. Аурухунаға кене шағумен жүгінген 40 адамның бәріне «кене имуноглибулені» салынды», - деді дәрігер.

Ол сондай-ақ, Алматы бойынша кене шағу ықтималдығы жоғары аймақтарды атады.

«Оларға «Көктөбе», «Бутаковка», «Медеу», «Алма-арасан» шатқалдары кіреді. Кенелер наурыз айынан қазан айына дейін белсенді болады. Олардың ең қауіпті болу кезеңі: наурыз, маусым айлары. Олар көбіне шөпте, бұталарда болады, тіпті, ағашқа да өрмелеуі мүмкін. Қала ішінде саябақтарда, жаяу жүретін жолдардың жанында, биік шөп өсетін жерлерде кездеседі. Кенелер күн сәулесін ұнатпайды, көлеңкеге тығылады. Сондықтан қауіпті аймақ таулы жерлер болып табылады», - деді Бауыржан Омаров.

Айта кетейік, 5 сәуір күні Алматыда кенеге қарсы дезинсекция жұмыстары басталған болатын.


Соңғы жаңалықтар