Алматыда Саудакент базарынан өрт шықты

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда «Саудакент» базарынан өрт шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 28 тамызда түнгі сағат 02:09 шамасында өрт сөндіру бригадасы Жетісу ауданындағы, Райымбек даңғылы, 237 Б. «Саудакент» сауда орнына жоғары дәрежедегі шақырту бойынша жіберілді.

«Алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері 6 минутта келген сәтте, базар аумағында орналасқан 260 шаршы метр алаңда бір қабатты дәмхана ашық жалынмен жанып жатқаны анықталды. Жақын орналасқан құрылыстарға оттың таралу қаупі жоғары болды. Атқарыған шаралар нәтижесінде көрші құрылыстарға өрттің таралуына жол берілмеді. Жалын сағат 02.39-да оқшауландырылып, 02.44-те толық сөндірілді», - деп хабарлады қалалық ТЖД баспасөз қызметінен.

Жалынды сөндіруге 16 техника мен жеке құрамнан 47 адам жұмылдырылды.

Өрттің шығу себебі анықталып жатыр. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ.


Соңғы жаңалықтар