Алматыда сауда үйінде күйік шалып көз жұмған күзетші әйелге қатысты әкімдік түсінік берді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қалалық Еңбек инспециясы 45 жастағы «Отряд 001» күзет агенттігінің қызметкері Майра Адаеваның өлімінен соң қайғылы жағдайды тексеру үшін арнайы комиссия құрды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Комиссия құрамына еңбек инспекторы, жұмыс берушінің өкілдері, жұмыскерлер мен тапсырыс берушілер кірді. Тексеру нәтижесінде маймен жұмыс жасайтын радиатор сапасыз өнім емес, зауытта жасалғаны анықталды. Жылытқыш күзет агенттігінің емес, «Арзан» сауда үйінің балансында тұрған.

Комиссия тексере келе Адаеваның екі тәулік қатар 48 сағат бойы кезекшілік етті деген ақпаратты жоққа шығарды. Жұмыс уақытын есептеу табелінде марқұм ауысымға 2018 жылы 20 және 23 желтоқсанда шыққан. Бұл құжатта «Арзан-2» нысан басшысы Ш.Салмановтың қолы тұр.

Бейнебақылау камераларындағы жазбаға сәйкес жарылыс 21:34 шамасында болған.

Дүкен қызметкерлерінің айтуынша, алдымен өрт дабылы қағылған. Сол сәтте Адаева дәлізге жүгіріп шығып, көмек сұраған. Жедел жәрдем көлігі келгенше қызметкерлер оған алғашқы медициналық көмек көрсеткен.

«Маймен жұмыс жасайтын радиатордың жарылуынан Майра Адаева ауыр жарақат алды. Оның беті мен денесінің 80 пайыз күйік шалды. Жедел жәрдем жапа шеккен адамды №4 ауруханаға жеткізді. Дәрігерлер оған 2-3 дәрежелі күйік шалған деген диагноз қойды. Ол ауруханада 30 желтоқсанда көз жұмды», - деді Еңбек Инспекциясынан.

«Отряд 001» күзет агенттігі қайғы жұтқан отбасыға 790 мың теңге көлемінде қаржылай көмек берген.

Сонымен қатар, сақтандыру компаниясымен жасалған келісімшартқа сәйкес марқұмның кәмелеттік жасқа толмаған қызына ай сайын қаржы бөлініп тұратын болды.

Соңғы жаңалықтар