Алматыда сараланған тариф енгізілген соң жолаушылар саны 28 пайызға артты

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда бүгіннен бастап қоғамдық көліктерде сараланған тариф енгізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алматы қалалық Жолаушылар тасымалы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсұт Исахов алғашқы күннің нәтижелерімен таныстырды.

Оның айтуынша, бүгін түске дейін «Оңай» транзакциялары екі еселенген.

«Түскі 14:00-де 23 млн теңге жиналды. Ал сараланған тариф енгізілмей тұрып өткен сейсенбіде күні бойы 26 млн теңге жиналған еді. Қоғамдық көлікті пайдаланған жолаушылардың саны 28 пайызға өсті. Яғни, 28 пайыз адамдар көлеңкеден шықты. Кешке дейін екі есе көп ақша жинаймыз деген ойымыз бар», - деді Мақсұт Исахов.

Басқарма басшысы жаңа тарифтің жолаушылар үшін де қала бюджеті үшін де пайдасын айтып кетті.

«Бұл тарифті енгізудегі мақсат  біздің тасымалдаушыларға жолаушыларға оңай арқылы төлемдердің әр түрін ұсыну, қала маңындағы тасымалдаушыларға әртүрлі бағаларды қою болып отыр. Дисконт жүйесі де әртүрлі жеңілдіктер беруді көздейді. Мәселен 10 рет жүрген адам 80, одан көп болса 75, 70 теңге деген сияқты. Алғашқы 60 немесе 90 минутта басқа көлікке отырғанға ақша алынбайды. Бұл жолаушыларға көп түрі  қызмет көрсетуді жеңілдетеді», - деді басқарма басшысы.

Сондай-ақ, автобуста ақша төлемеген жолаушылар рейд барысында ұсталып, кейін ақша төлеймін деп жатса оларға әкімшілік жаза қолданылмайды. Бұл жеңілдік тамыз-қыркүйек айларында ғана жұмыс жасайтын болады.

«Толығымен қоғамдық көліктегі төлем жүйесін өзгертудің барлық саласын жүзеге асыруға бірнеше ай уақыт кетеді. Сондықтан, келер жылдың басында аталған реформалар түгел жүзеге асырылатын болады», - деді М.Исахов.

Соңғы жаңалықтар