Алматыда салымшының 1 108 500 долларын банк басшылары қолды қылған

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда банк салымшысының 1 108 500 долларын қолды еткен банк қызметкері ұсталды. Бұл туралы қалалық ІІД баспасөз қызметі хабарлады.

Бұл оқиға 2014 жылдың ақпан айында болған еді. Банк салымшысы өзінің ірі көлемдегі депозит салымы жоғалғанын айтып полицияға шағымданған болатын. Кейін белгілі болғандай, бұл алаяқтыққа сол кезде банк басшылығында отырған жандардың да қатысы бар болып шықты. «Тергеу барысында негізгі версия ретінде - банк қызметкерлерінің қатысы қарастырылды. Өйткені, мұндай құпия ақпаратты алу кез-келген адамның қолынан келе бермейді. Қылмыста негізінен 5 адам әрекет еткен. Банк бөлімінің бұрынғы басшысы өз танысы арқылы сенімді адамды тауып, «салымшының сенімді өкілі ретінде» шоттан ақшаны алғызып берген. Күмән тудырмас үшін олар әлгі адамның сырт келбетімен көп жұмыс істеп, сән салонына да кіргізгендігі анықталды. Ол - Павлодардан келген азамат болып шықты. Өз үлесін алған ол Павлодарға тайып тұрған. Ал, күдіктінің тағы бір танысы банк салымшысының телефоны өшіп тұруын қамтамасыз еткен. Банк қызметкерлері ақша шешу кезінде салымшымен хабарласып, сенімді өкілдің сенімділігіне көз жеткізе алмаған», - деді Алматы қалалық ІІД криминалды полиция басқармасының басшысы Жанболат Зиадин. Алмалы аудандық ІІБ басшысы Асқар Болатовтың айтуынша, қазір ұсталған азаматтардың бәрі жасаған қылмысын мойындауда. Қылмысты істің ең негізгі фигуранты - банктің бұрынғы қызметкері пәтерін жаңартып үлгерген екен. Басқалары жаңа автокөлік сатып алған екен. Аталған заттық айғақтар тәркіленіп, тергеу материалдарына кіргізілді.

Соңғы жаңалықтар