Алматыда салмағы 5 келіден астам қыз бала дүниеге келді

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы қаласында салмағы 5 келіден астам қыз бала дүниеге келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматының №2 перзентханасында 32 жастағы әйел жүктіліктің 39 аптасында патология бөліміне түсіп, салмағы 5 328 грамм, бойы 60 см сәбиді дүниеге әкелді.

«Мұндай жағдайлар өте сирек кездеседі. Әйел еш қиындықсыз босанды. Қазір анасы мен нәрестенің жағдайы жақсы. Үш күн перзентханада жатып, үйіне шығарылды», - дейді бас дәрігердің орынбасары міндетін атқарушы Гүлнәр Куренова.

Бір қызығы, анасы болашақ баласының салмағын білмеген, ультрадыбыстық зерттеуде салмағы 3500-3800 грамм деп көрсеткен екен.

«Қызым ауыр салмақпен туатынын білмедім. №2 перзентхананың бас дәрігерінен бастап, мейірбикеге дейін, барша ұжымға шексіз алғысымды білдіремін. Мұнда кәсіби мамандар жұмыс істейді. Таза бөлме, дәмді тамақ. Жауапты және құрметті команда. Баршаңызға зор денсаулық, табыс тілеймін», - деді жаңа босанған ана.

№2 перзентханада салмағы бес келіден асатын нәрестенің дүниеге келуі биыл осымен екінші жағдай. Биыл мамырда салмағы 6 020 грамм қыз бала дүниеге келген болатын.


Соңғы жаңалықтар