Алматыда сақ мәдениетіне арналған халықаралық орталық ашылады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Келесі жылы Алматыда сақ мәдениетіне арналған «Боралдай сақ қорғаны» атты халықаралық орталық ашылады. Бұл туралы қалалық туризм басқармасының туризмді ілгерілету бөлімінің басшысы Аслан Қоңырханов ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында мәлім етті.

«Алматыда этнотуризмді дамыту мақсатында келер жылы қаладағы «Қазақфильмнің» аумағында этноауылдың құрылысы басталады. Біздің оны «Ethnoland» деп атадық. Құрылысы 2020 жылы басталатын кешеннің аумағы 5 гектардан асып жығылады. Оның ішінде мыңжылдық тарихы бар Алматы қаласының тарихы және мәдениетімен таныстыратын түрлі бағыттағы жобалар жүзеге асырылады. Сонымен қатар, қаладағы айтулы шаралар да сол жерде өткізілетін болады. Және фильм түсіруде жоспарда бар», - деді А.Қоңырханов.

Сондай-ақ, туризм басқармасының өкілі оңтүстік астанада сақ мәдениетіне арналған «Боралдай сақ қорғаны» атты халықаралық орталық ашылатынын айтып өтті.

«Бүгінде мәдени орталықтың экономикалық-техникалық жоспары бекітілді. Оның да құрылысы келер жылы басталады. Келушілер ол жерде сақтардың мәдениетімен қатар, жалпы көшпенділердің тіршілігімен етене таныса алатын болады. Одан бөлек, қаламызда батырлар музейі салынады. Аты айтып тұрғандай музей қазақ батырларының өмірі мен ерліктеріне арналады», - деді ол.

Одан бөлек, Аслан Қоңырханов Алматыда іскерлік туризмді ілгерілету мақсатында биыл БҰҰ-ның туристік хабтың ашылғанын тілге тиек етті.

«БҰҰ ашқан орталық хабта халықаралық 14 агенттіктің өкілдігі орналасқан. Ол жерде түрлі деңгейдегі іскерлік кездесулер өтеді. Ондағы мақсат - шетелдіктерге өз мүмкіндігімізді көрсету. Сол сияқты хабта қазақстандық өкілдер де жұмыс істейді. Олар шетелдіктерге Алматыда бизнестің қай түріне инвестиция салуға болатындығын, сондай-ақ, қаламыздың қауіпсіз және ірі мегополис қалалардан кем түспейтіндігін айта отырып, оларға бағыт-бағдар береді. Ашылғаннан бері орталықта 10 халықаралық деңгейдегі конференция мен семинар өткізілді», - дейді ол.

Қалалық туризм басқармасының дерегіне сүйенсек, бүгінде ескі Алматының 60% жаңғыртылды. Сондай-ақ, қалада 65% мүмкіндігі шектеулі топқа жататын жандарға жағдай жасалған. Және жаяу жүргіншелерге арналған жолдардың 20% жаңаланды.

Айта кетсек, «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының мұрындық болуымен елімізде онкүндік ақпараттық туры өтті. Мақсаты - ішкі туризмнің потенциалын арттыру және дәріптеу. Ақпараттық турға еліміздің батыс өңірлерінен атап айтқанда Атырау, Ақтөбе, БҚО және Маңғыстау облыстарындағы туристік агенттік өкілдері қатысты. Олар шара барысында Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен Алматы, Түркістан, ШҚО және Ақмола облыстарының туристік нысандары мен сауықтыру кешендерінің жұмысымен таныса отырып өзара тәжірибе алмасу.

Соңғы жаңалықтар