Алматыда Саида Ибраимованың өліміне қатысты іс бойынша сот отырысы жалғасуда

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Саида Ибраимованың өліміне қатысты іс бойынша сот отырысы жалғасуда.

Қазіргі таңда айыпталушылар үшеу, олардың екеуі тұтқында. Дәл қазір Әзербайжанда туылған Гавгаз Әлиев пен алматылық Жан Алагөзов уақытша қамау изоляторында отыр.

Ал қайтыс болған қыздың денесін өртеп, қылмысты жасыруға көмектесті деп айыпталып отырған Әлібек Ерғалиұлынан ешқайда кетпеу туралы қолхат алынған.

Алайда, жапа шеккен жақ алдын ала қолдану шарасымен келіспей отыр. Құрбан болған С.Ибраимованың өкілі Сұңқар Нұрмағанбетов судьяға айыпталушы Әлібек Ерғалиұлын уақытша қамауға алу жайлы өтініш айтты.

«ҚР қылмыстық-процессуалдық заңнамасы белгілі бір жағдайларда айыпкердің жауапкершіліктен таюына жол бермес үшін зерттеушінің айыпкерге қолданатын шарасы ретінде қамауға алуға рұқсат береді. Бұл сот отырысының кез келген кезеңінде енгізілуі мүмкін.

Айыпталушы Әлібек Ерғалиұлының тұрғылықты мекенжайы жоқ. Ал заңнама бойынша ол өзінің отырған мекенжайынан кетпеуі керек. Алайда, қазір ол анасының туыстарымен тұрып жатыр. Сондай-ақ, айыпталушының героин пайдаланатынын да атап өткен жөн. Оның белгілі бір қызметі жоқ. Сондықтан, ол еркіндікте жүріп, соттан қашып кетуі де мүмкін. Осылардың бәрін негізге ала отырып, Әлібек Ерғалиұлын қамауға алу туралы өтініш беріп отырмыз», - деді Сұңқар Нұрмағанбетов.

Судья Болатов адвокаттың аталған өтінішін қанағаттандырмады.

Айта кетейік, қазір Ерғалиұлы Әлібек ҚР ҚК 175, 183, 363-баптары бойынша айып тағылып отыр.

Сұлулық салонында жұмыс істеген 24 жастағы Саида Ибраимова наурыз айында із-түссіз жоғалып кеткен еді. Бірнеше күннен соң қыздың өлтірілгені, денесінің қала сыртына шығарылып, өртелгені анықталды. Қылмысқа күдікті ретінде үш адам ұсталған болатын. Іс материалдарына қарағанда, Ибраимованың ескі танысы Жан Алагөзов оны өз үйіне шақырады. Кейін танысы Гавгаз Әлиевпен бірге қызға зорлық көрсетіп, телефонның сымымен қылғындырып өлтірген.

Олар қыздың жалпы көлемі 571 мың теңге болатын банк карточкасын, ұялы телефонын, тонын, басқа да заттарын алады. Тергеу қорытындылары бойынша, мәйітті өртеп жіберуді сотталушы Ерғалиұлы ұсынған. Ол қылмысты жасырғаны және ұрлық жасағаны үшін айыпталып отыр. Алайда, Ерғалиұлы өзіне тағылған айыппен келіспей отыр. Әлиев пен Алагөзов сотта қызды өлтіргенін ішінара мойындады.

Сондай-ақ, куәгерлердің келмеуі салдарынан сот отырысы 26 маусымға шегерілді.

Соңғы жаңалықтар