Алматыда сабақтар аязға жел екпіні қосылғанда ғана тоқтатылады - ТЖД
2018 жылғы 24 қаңтар 13:02

Алматыда сабақтар аязға жел екпіні қосылғанда ғана тоқтатылады - ТЖД

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы мектептерінде сабақтар аязға жел қосылған жағдайда ғана тоқтатылады. Бұл туралы бүгін Алматы қаласы бойынша ТЖД-ның баспасөз қызметінің жетекшісі Сандуғаш Баймұхамбетова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сандуғаш Баймұхамбетованың айтуынша, қалалық ТЖД қазіргі уақытта Білім департаментімен бірлесе қызмет етіп отыр. ТЖД жел екпіні күшейген уақытта мектептерде сабақтарды тоқтату туралы ескерту жібереді.

«Алматыда Білім басқармасының мәліметі бойынша - 25 градус аязда сабақтар тоқтатылған жоқ. Бастауыш сыныптардағы сабақтар -25 градус аязға жел қосылғанда, нақтырақ айтқанда жел екіпіні секундына 25, 30 метрге жеткенде тоқтатылады. Ондай шешімді ТЖД, қалалық Білім басқармасы мен «Қазгидромет» компаниясы бірлесе отырып шығарады. Ескерулер ақпарат құралдары, СМС хабарлама арқылы жолданады», - деді Сандуғаш Баймұхамбетова.

Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті білім беру мекемелерінің ғимараттарын тексеріп шыққанын жеткізді.

Сонымен қатар, мамандар аяз күндері тауға шығудан бас тарта тұруға кеңес берді. ҚР ІІМ ТЖК Өңірлік жедел құтқару жасағы Бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметінің жетекшісі Сергей Толкунов аяз күндері қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды ескертті.

«Табиғатқа, тауға шығудан бас тарта тұрыңыздар. Егер шыға қалған жағдайда шатқалдарға шықпаңыздар. Аязда қар көшкіні болуы ықтимал. Бірге шыққан жолдастарыңызды тастамаңыздар. Арақ ішуден бас тарту керек», - деді ол.

Төтеншеліктер қандай да бір жағдайда құтқару қызметіне 112 нөміріне хабарласуды сұрады.

Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT