Алматыда сабаққа кеткен 4 оқушы қыз бір тәулік бойы үйіне оралмаған

2022 жылғы 6 қазан, 00:25
Алматыда сабаққа кеткен 4 оқушы қыз бір тәулік бойы үйіне оралмаған

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда 4 қазан сабаққа кетіп, содан бері хабарсыз қалған төрт қыз табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы жоғалғандарды іздеумен айналысатын «Лидер» волонтерлер тобы мәлім етті.

Олардың айтуынша, төрт жеткіншекті іздеу жұмысы кеше таңғы үшке дейін жалғасқан.

Қыздар 10, 11 және 14 жаста. Оның екеуі - апалы-сіңлілі бауырлар.

Еріктілер Наурызбай ауданы полиция қызметкерлерімен бірлесіп, «Алма сити» тұрғын үй кешені мен Абай ауылы төңірегін сүзіп шыққан. Өйткені жоғалған қыздардың телефоны шамамен осы аймақтарда қосылып-сөндірілген.

Іздеу жұмысы сонымен қатар Тараз қаласында да жүрді. Онда еріктілер қалааралық тасымалмен айналысатын автобустарды тоқтатып, тексерген. Қыздар басқа қалаға кетіп қалды ма деген күдік болған.

Үштен кейін қыздар табылмаған соң еріктілер үйге қайтқан.

Таңғы алтыда наурызбайлық полицейлердің қыздарды аман-есен тауып, полиция басқармасына жеткізгені белгілі болды.


Теги:
Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar