Алматыда «Рухани жаңғыру» жәрмеңкесі қорытындыланды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда «Рухани жаңғыру: әлеуметтік бастамалар мен азаматтық сектордың жобалары» атты жәрмеңке өтті. Шара аясында үкіметтік емес ұйымдарға арналған әлеуметтік жобалардың байқауы ұйымдастырылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА.

Байқауға 36 үкіметтік емес ұйым қатысты. Олар «Алматы-2020» бағдарламасының шешуші бағыттары бойынша жобалардың таныстырылымын жасады. Олардың 7-уі үздік деп танылып, марапатталды.

«Жобалардың ауқымы өте кең. Олар экология мәселесі, жастарға патриоттық білім беру, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар, сейсмоқауіпсіздік сияқты өзге де көптеген мәселелерді қамтиды. Аталымдарды біз Алматыны дамытудың 7 басымдығы бойынша бөлдік. Бұл жұмыстардың барлығы да мемлекеттік тапсырыс тізіміне енгізу үшін мемлекеттік органдарға жолданады»,-деді Алматы қаласының Ақпараттық орталығы қорының директоры Алтынай Көбеева.

Шараның басты мақсаты - Алматы қаласының мақсатты топтары үшін әлеуметтік қызмет көрсету салаларында жұмыс істеп жұрген ҮЕҰ-дың әлеуметтік жобаларын таныстыру мен әлеуметтік сала ұйымдарының оң имиджін қалыптастыру болып табылады.

Еске сала кетейік, биылғы жылдың 12 сәуірінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы жарияланған болатын. Онда «Еліміз жаңа тарихи кезеңге аяқ басты. Мен жыл басындағы халыққа Жолдауымда Қазақстанның үшінші жаңғыруы басталғанын жарияладым. Осылайша, біз қайта түлеудің айрықша маңыз­ды екі процесі - саяси реформа мен эко­номи­калық жаңғыруды қолға алдық. Біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі, ол - әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Аталған екі жаңғыру процесінің де нақты мақ­сат-міндеттері, басымдықтары мен оған жет­кізетін жолдары бар. Мен көздеген жұмыс­тары­мыздың бәрі дер уақытында және барынша тиімді жүзеге асарына сенімдімін. Бірақ, ойлағанымыз орындалу үшін мұның өзі жеткіліксіз. Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып оты­руы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаң­ғыру­ларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады», делінген болатын.

Президент бұл ретте саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналатынын, рухани жаңғыру тек бүгін басталатын жұмыс емес екенін алға тартады.

«Біз Тәуелсіздік кезеңінде бұл бағытта бірнеше ауқымды іс атқардық. 2004 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Қазақстан аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштер мен нысандарды жаңғырттық. 2013 жылы «Халық - тарих толқынында» бағдарламасы арқылы әлемнің ең белді архивтерінен төл тарихымызға қатысты құжаттарды жүйелі түрде жинап, зерттедік. Енді осының бәрінен де ауқымды және іргелі жұмыстарды бастағалы отырмыз. Мен еліміз мықты, әрі жауапкершілігі жоғары Біртұтас Ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басатынымыз және бұқаралық сананы қалай өзгертетініміз туралы көзқарастарымды ортаға салуды жөн көрдім», - дейді Н. Назарбаев.

Мақаланың бірінші бөлімі ХХІ  ғасырдағы ұлттық сана туралы болып отыр. Онда Елбасы: «Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек. ХХ ғасырдағы батыстық жаңғыру үлгісінің бүгінгі заманның болмысына сай келмеуінің сыры неде?», - деген мәселеге тоқталады.

Елбасының пайымынша, бұндағы басты кемшілік - олардың өздеріне ғана тән қалыбы мен тәжірибесін басқа халықтар мен өркениеттердің ерекшеліктерін ескермей, бәріне жаппай еріксіз таңуында.

«Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты - сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай. Бірақ, ұлттық кодымды сақтаймын деп бойыңдағы жақсы мен жаманның бәрін, яғни болашаққа сенімді нығайтып, алға бастайтын қасиеттерді де, кежегесі кері тартып тұратын, аяқтан шалатын әдеттерді де ұлттық сананың аясында сүрлеп қоюға болмайтыны айдан анық», - деп жазады Н. Назарбаев.

Бұл ретте Мемлекет басшысы жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс екенін, керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажеттігін алға тартады.

«Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды. Сонымен бірге, рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды. Бұл - тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғырнамасы. Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын. Бұл ретте, тұтас қоғамның және әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың бірнеше бағытын атап өтер едім», - дейді Нұрсұлтан Назарбаев.

Соңғы жаңалықтар