Алматыда Роза Бағлановаға ескерткіш орнатылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда опера және эстрада әншісі, КСРО халық әртісі, Қазақстанның халық қаһарманы Роза Бағлановаға ескерткіш қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ескерткіш көрнекті опера және эстрада әншісінің 100 жылдығын мерекелеу аясында Төле би көшесі мен Қалдаяқов көшесінің қиылысында Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы ғимаратының алдында орнатылды.

Оның биіктігі – 4,8 метр. Қола және граниттен жасалған. Авторлары – Д.Ағзамов, У.Ақжолтай, А.Жамхан, А.Қабыл.

Айта кетейік, Роза Бағланова филармония қабырғасында 1949-1960 жылдар аралығында өнер көрсеткен.

Саланатты шараға зиялы қауым өкілдері қатысты. Атап айтар болсақ, Қазақстанның Еңбек Ері, театр және кино актері Асанәлі Әшімов, Қазақстанның Еңбек Ері Әлібек Дінішев, Қазақстанның Халық әртісі Алтынбек Қоразбаев, мәдениет қайраткері Қуаныш Әбдіқалымов, филолог әрі ақын Аққұштап Бақтыгереева, әншінің туғандары мен жақындары – ұлы Тәжен мен келіні Марал Бағлановтар бар.

Ескерткіштің орнатылуына арналған салтанатты шара барысында Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев Роза Бағланованың қазақ халық музыкасы мен Қазақстан композиторларының шығармашылығын дамытуға және насихаттауға қосқан баға жетпес зор үлесін атап өтті.

«Біздің ұлы әншіміз Роза Бағлановаға ескерткіш орнату – оның мұрасын құрметтеу және есте сақтау. Ол музыка өнерінің шырқау биігіндегі жарық жұлдыз болды. Оның ерекше дауысы мен таланты халқымыздың баға жетпес құндылығына айналды. Әншінің сүйікті қаласы – Алматыда 100 жылдық мерейтой аясында Роза Бағланованың есімін мәңгі есте қалдыру үшін ескерткіш орнатқанымызға шексіз қуаныштымын», – деді Ерболат Досаев.

Сондай-ақ Республика сарайында «Ақмаңдайлым» атты мерекелік концерт өтті.

Аты аңызға айналған әншінің репертуарындағы композицияларды танымал қазақстандық әртістер орындады.


Соңғы жаңалықтар