Алматыда Рейхстагқа ту тіккен Рақымжан Қошқарбаевты еске алу кеші өтті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Алматы» қонақ үйінде Кеңес Одағының батыры Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына 90 жыл толуына орай еске алу кеші өтті.

Халық қаһарманының жақындары, туыстары мен зиялы қауым өкілдері батыр туралы естеліктерімен бөлісіп, көненің көзінен сыр шертетін фотосуреттерін көрсетті.

Еске алу кешінің осы қонақ үйде өткені де тегін емес. Сұрапыл соғыс жылдарын артқа тастаған соң батыр 1967 жылдан бастап «Алматы» қонақ үйінің директоры қызметін атқарған.

Батырдың қызы Әлия Қошқарбаева әкесінің адами қасиеттерін сөз етсе, майдандас досы Жанша Жанасов соғыс кезіндегі ерлігін айтып берді.

Рақымжан Қошқарбаев 1924 жылы Астанаға жақын орналасқан Тайтөбе ауылының маңындағы қыстақта дүниеге келген. 1942 жылы әскер қатарына алынып, соғыстан кейінгі жылдары азат етілген аумақтағы әскерлердің құрамында қызмет еткен.

Лейтенант Қошқарбаев қазақ тарихында Рейхстагқа бірінші болып ту тіккен батыр ретінде есте қалды. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Берлин операциясы кезінде асқан ерлік көрсетті. Сол кезде мыңдаған солдаттың арасынан суырылып шығып, 30 сәуірде жауынгер Григорий Булатов екеуі Кеңес әскерлері арасынан бораған оқтың астынан Рейхстагқа алдымен жетіп, жеңіс туын тікті. Кеңес одағы кезінде Рейхстагқа ту тіккендердің қатарында оның аты аталмайтын. Алайда, кейін бірнеше жаңа тың деректердің табылуымен Ресейдің әскери тарих институты Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігін мойындап, тарихи әділдік орнады.

Есіл ердің ерлігі өзі өлгеннен кейін мойындалды. Тіпті «Халық қаһарманы» атағы да 2001 жылы берілген болатын. Ал, Рақымжан Қошқарбаев 1988 жылы дүниеден өткен еді.

Соңғы жаңалықтар