Алматыда Ревматологиялық орталық дәрігерлері науқастарды тегін қабылдады (ФОТО)

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Тәуелсіздік күніне орай қалалық Ревматологиялық Орталықта ашық есік күндері өтті. Бүгін алматылықтар орталық мамандарының кеңесін алып, тегін тексеруден өтті.

Келушілер әрқилы анализ түрлерін, иммунологиялық тест тапсырды. Оларға ЭКГ, остеоденстометрия сияқты диагностикалық қызмет тегін ұсынылды.

Барлығы 71 адам 10 ревматолог маманның тегін кеңесін алды.

«Науқастардың басым көпшілігі қимыл-тірек аппаратының ауруларымен (62%), дәнекер тіннің жүйелі ауруларымен (13 пайыз) ауыратыны белгілі болды. Олардың ішінде алғаш рет ревматологтың алдына келгендер де бар», - деді Гүлнар Серікәлиқызы.

Адамдарды қарауға стационар және кеңестік бөлімдердің дәрігерлері, С.Асфендиаров атындағы ҚазҰМУ кафедрасының профессоры Гаухар Құрманова тартылды.

Айта кету керек, мұндай шаралар орталықта қалалық Денсаулық сақтау басқармасының бастамасымен жиі өткізіліп тұрады. Қазанның аяғында Тұңғыш Президент күніне орай ашық есік күндері өткен болатын.

Тамызда өткен ашық есік күндерінде 127 адам тексеруден өткен. Олардың 89-ы, яғни 74 пайызы алғаш қаралғандар екен.

Маманның айтуынша, қазір ревматологиялық аурулардың 150 түрі бар. «Жастар да, орта жастағылар да жиі ауырады. Бұл - өмір сапасын төмендететін, мүгедектікке әкелетін аурулардың бірі. Тірек-қимыл аппаратының зақымдануынан осындай жағдайға жетеді. Ашық есік күндерін өткізу себебі де сол. Адам уақтылы келіп, ертерек тіркеліп емделсе, науқастың өмір сапасы жақсарады. Стационарлық көмек көрсетеміз, консультациялық кеңес беріп, бақылаймыз. Арық қарай бақылауды іске асырамыз. Бұл - біздің міндетіміз», - деді ол.

Дәрігер ревматологиялық аурулардың санының артуын заманауи өмір салтымен байланыстырады.

«Ең алдымен диагностика шаралары жақсарды. Халықтың өзіне деген көзқарасы да өзгерген. Ақпарат көп. Олар бірден өзінен симптом байқаса келіп өздері қаралып жатады. Заман ағымына байланысты стресс көп, өмір ағыны тез. Соған байланысты аутоимундық аурулар көбейіп кетті. Қазір адам өмірінде гиподинамиялық режим басым. Бұл өзі тұқым қуалайтын бейімділік болатын ауру. Ата-анасында бар болса, баласынан көрініс беруі мүмкін. Ревматологиялық ауруды анықтау оңай емес. Ол әртүрлі бетпердемен өтеді. Буындық синдроммен 90 пайызы басталса, қалғаны басқа қырынан көрініс беруі мүмкін. Сондықтан, бұл жерде дәрігердің біліктілігі аса зор рөл ойнайды», - деді Гүлнар Серікәлиқызы.

Соңғы жаңалықтар