Алматыда Ресейдің ұлттық ядролық зерттеу университетінің филиалы ашылды

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Мәскеу инженерлік-физикалық институты» Ұлттық ядролық зерттеу университетінің филиалы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. ҚазҰУ-дың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, РФ Ғылым және жоғары білім министрінің орынбасары Наталья Бочарова, «МИФИ» Ұлттық ядролық зерттеу университетінің ректоры Владимир Шевченко, ҚР Энергетика министрлігі Ядролық физика институтының бас директоры Саябек Сахиев, «Қазатомөнеркәсіп» және «Росатом» компанияларының өкілдері, жоғары оқу орындарының профессорлары мен студенттері қатысты.

Бірлескен жоба Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алға қойған Ресейдің озық техникалық жоғары оқу орындары филиалдарын құру туралы стратегиялық міндетін орындау аясында жүзеге асырылып жатыр.

«МИФИ-мен әріптестік қолданбалы ғылым саласындағы ынтымақтастық үшін жаңа даму нүктесі болады деп үміттенеміз. Филиалдың құрылуы саланы «Ядролық энергетика және технологиялар», «Информатика және есептеу техникасы» мамандықтары бойынша білікті кадрлармен қамтамасыз ете отырып, елде ядролық энергетиканың дамуына жаңа серпін береді. Біз «МИФИ» ҰЯЗУ филиалы шағын жобадан маңызды, ауқымды, өңірлік, мемлекетаралық өндірістік орталыққа айналуы үшін бар күшімізді саламыз», – деді Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек құттықтау сөзінде.

РФ Ғылым және жоғары білім министрінің орынбасары Наталья Бочарова бұл Қазақстандағы ресейлік жоғары оқу орындарының алғашқы филиалы, флагманы екеніне мән берді.

«Жоба бұрын-соңды болмаған қысқа мерзімде жүзеге асырылды. Техникалық жоғары оқу орнының қызметін шетелде ұйымдастыру өте қиын, сондықтан мен «МИФИ» Ұлттық ядролық зерттеу университетінің ректоры Владимир Шевченкоға және Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаевқа филиалдың ашылуы аясында атқарған орасан зор жұмысы үшін шын жүректен алғыс айтамын», – деді министр орынбасары.

Қатысушылар жиын соңында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында ашылған «МИФИ» ұлттық зерттеу ядролық университеті филиалының естелік тақтасына қол қойды. Сондай-ақ құрметті қонақтар университеттің физика-техникалық факультетінде болып, жаңа филиалдың аудиториясын аралады.


Фото: kaznu.kz





Соңғы жаңалықтар