Алматыда референдумда дауыс беретін учаскеңізді қалай білуге болады

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы тұрғындары үшін Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесі бойынша 5 маусымға белгіленген республикалық референдум жайында ақпарат беретін бірыңғай Call-орталық іске қосылды.

Call-орталық халықты ақпараттандыру және қала тұрғындарына референдум мәселелері бойынша кеңестер беру әрі дауыс беру процесіне тарту үшін құрылған.

Бірыңғай Саll орталыққа +7 (727) 3384545 телефоны бойынша хабарласып, өзіңізді республикалық референдумға қатысуға құқығы бар азаматтар тізімінен тексеруге, сондай-ақ өз учаскеңіздің нөмірі мен мекенжайын нақтылауға болады.

Қоңырау шалу барысында Call-орталықтың операторлары азаматтардың мүмкіндіктеріне, дауыс беру рәсімдеріне және референдум күніндегі учаскелердің жұмысына қатысты бүкіл заңнамалық нормаларды түсіндіреді.

Call-орталық қоңырауларды күн сайын үзіліссіз және демалыс күндері, сондай-ақ дауыс берілетін күннің соңына дейін сағат 8:00-ден 20:00-ге дейін қабылдайды.

Open-almaty.kz сайтында дауыс беруге арналған учаске туралы ақпарат алу жөніндегі функционал қолжетімді.

Қажетті ақпаратты @ReferendumAlmaty2022Bot Telegram-боты арқылы да алуға болады.

Өзіңізді тізімнен табу және мәліметтерді алу үшін ЖСН нөмірін енгізу қажет.

Референдумға «2022 жылғы 6 мамырда бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасында баяндалған Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыруларды қабылдайсыз ба?» деген сұрақ қойылған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен референдум азаматтардың ерікті түрде қатысуы, ойын еркін білдіруі, сондай-ақ жалпыға бірдей, тең, тікелей және жасырын дауыс беру қағидаттары бойынша өтеді.

Еске сала кетейік, республикалық референдум 2022 жылдың 5 маусымында өтеді.

Алматыда барлығы 574 сайлау учаскесі жұмыс істейді.

Толық ақпарат Алматы әкімдігінің сайтында жарияланған.


Соңғы жаңалықтар