Алматыда радиатор жарылып, күзетші әйел көз жұмды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда «Арзан» сауда үйінде болған жарылыстан күзетші әйел қайтыс болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кету керек, қайғылы жағдай өткен жылдың 23 желтоқсанында болған. Дегенмен, оқиға БАҚ өкілдеріне бүгін белгілі болды. Ақпаратты қалалық ТЖД баспасөз қызметі растады.

23 желтоқсан күні Каблуков көшесі, 6 мекенжайында орналасқан «Арзан» сауда үйінің қызметкерлерге арналған бөлмесінде маймен жұмыс жасайтын радиатор жарылған. Жылытқыш күзетші әйел Майра Адаеваның үстелінің астында тұрған. Жарылыстан соң май өртене жөнелген. Күзетші әйелдің денесінің 80 пайызын күйік шалып, Шұғыл медициналық қызмет көрсету ауруханасына жеткізілді. Әйел 6 күн өткен соң 30 желтоқсанда ауруханада қайтыс болды.

«Өрт шыққанда автоматты өрт сөндіру жүйесі іске қосылған. Соның арқасында тез арада жалын бір бөлмеден шықпай сөндірілді. Өртті күзетшілердің өздері ТЖД қызметкерлері келгенше өрт сөндіру құралымен өшіріп қойған. Тілсіз жау бір шаршы метр аумақты шарпыған. Зертхана мамандары тексере келе жылытқыштың тікелей токқа қосылып тұрғанын анықтаған. Егер терморегуляторға жалғанып тұрса, құрыл қызып кетпейтін еді», - деді ТЖД баспасөз қызметінен.

Іс материалдары полицияға жолданды. Құзырлы органнның хабарлауынша, сауда үйі 2018 жылы екі рет тексерілген. Бір тексеру барысында 7 заңбұзушылық анықталған. Бұл олқылықтар үшін сауда үйінің басшылығы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Екінші тексеру қорытынды ретінде жүргізілген.

2016 жылы ТЖД осы сауда үйінде автоматты өрт сөндіру жүйесінің жоқтығын сынға алып, сотқа берген болатын. Сот арқылы жүйені орнату мақсатында сауда үйі жабылған болатын.

Айта кету керек, өткен жылы 183 сауда үйі, базарлар мен супермаркеттер тексерілді. Тексеру нәтижесінде 2 мыңға жуық құқықбұзушылық анықталды. Оларға 5 млн 729 мың теңге айыппұл салынды.

Соңғы жаңалықтар