Алматыда QS World Wide дүниежүзілік конференциясы басталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қабырғасында «Адами мұра және жоғары технологиялар үйлесімі негізінде жетілу» тақырыбында әлемдік конференция мен көрме өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі

QS World Wide халықаралық білім форумына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, БҰҰ, ЮНЕСКО және өзге де халықаралық ұйымдардың өкілдері, академиялық ортаның 800-ден астам көшбасшысы, жетекші университеттердің президенттері мен ректорлары, сондай-ақ 40-тан астам елдің ғалымдары, сарапшылары қатысып жатыр. Олар ғылым, озық технологиялар мен рухани құндылықтарды интеграциялау аясында университеттердің болашақ дамуының жаңа моделін талқылауда.

Бердібек Сапарбаев Үкімет басшысы Асқар Маминнің құттықтау сөзін жеткізді.

«Бүгінгі таңда еліміз білім беру, ғылым және бәсекеге қабілеттілік мәселелерін шешуде, университеттерге академиялық тәуелсіздік берілді. Бұл шаралардың барлығы университеттердің ғылыми, білім беру, технологиялық және гуманитарлық кеңістіктегі ықпалын арттыруға бағытталған. БҰҰ ұсынған Адамның даму индексі Қазақстан халқының білім деңгейінің жоғары екендігін көрсетеді. Бүгін білім, ғылым, инновациялық технологиялар мен шынайы рухани құндылықтардың интеграциясы аясында университеттердің даму болашағын жан-жақты талқылайтынына сенімдімін. Сіздердің инновациялық идеяларыңыз, шығармашылық бастамаларыңыз іске асады және адами капиталды одан әрі дамытуға ықпал етеді деп сенемін», - делінген А.Маминнің сөзінде.

ҚазҰУ әлемнің 130-дан астам жетекші жоғары оқу орындарын біріктіретін Жібек жолы университеттері Альянсының тең құрылтайшысы бола отырып, бірқатар ірі жобаларды іске асыруда. Оның ішінде халықаралық ІТ-технопаркін құру бойынша белсенді жұмыс атқарып келеді.

«QS World Wide халықаралық білім беру форумы Орталық Азияда, соның ішінде Алматыда алғаш рет өтіп отыр. Өйткені, дәл осы жерде еліміздің жоғары мектебі құрылып, жақсы дамып келеді. Еліміздегі әрбір үшінші студент Алматыда оқиды. Осыдан 15 жыл бұрын қазақстандық университеттер QS World University Rankings рейтингіне тұңғыш рет енді. Ол кезде Қазақстаннан бір ғана университет болған. Аз ғана уақыт ішінде біздің университеттер үлкен жетістіктерге қол жеткізді. 2019 жылға дейін біздің 10 ЖОО рейтингке кірді, олардың алтауы Алматыда орналасқан», - деді конференцияның барысында Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Сонымен қатар, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры, G-Global Халықаралық хатшылығы және ҚазҰУ бастамасымен «2030 - тұрақты даму мақсаттарын іске асырудағы жастардың рөлі» жаһандық конгресі өтіп жатыр.


Соңғы жаңалықтар