Алматыда прокурорлардың талабымен төрт кәсіпкер борышкерлер тізімінен шығарылды

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Прокурордың талап арызы бойынша төрт кәсіпкер борышкерлер тізімінен шығарылып, шағын және орта бизнеске берілген құқықтарын еркін жүзеге асыруға мүмкіндік алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қаласының прокуратурасы оңалту сатысында тұрған кәсіпкерлердің құқықтарының сақталуына талдау жүргізді.

Нәтижесінде Алматы қаласының сот орындаушылары оңалту жоспарын бекіткен төрт кәсіпкерге қатысты атқарушылық өндірісті тоқтату шаралары қабылданбағаны және олар борышкерлер тізімінен шығарылмағаны анықталды.

«Бұл кәсіпкерлердің өз қызметін толық жүзеге асыруына, мемлекеттік сатып алуларға қатысуына кері әсерін тигізеді. Алматы қаласы Бостандық ауданы прокуратурасының ұсынуымен Алматы қаласының Әділет департаменті тарапынан атқарушылық іс жүргізуді тоқтату шаралары қабылданып, кәсіпкерлер борышкерлер тізілімінен шығарылды. Бұл шаралар кәсіпкерлік субъектілерінің берілген құқықтарын еркін жүзеге асыруға мүмкіндік береді»,- деп хабарлады ведомстводан.

Сонымен қатар, прокуратура «Оңалту және банкроттық туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 68-бабы 1-тармағының 3) тармақшасына сәйкес оңалту жоспарын бекіту туралы сот ұйғарымы заңды күшіне енгеннен кейін барлық шектеулер және борышкердің мүлкіне салынған ауыртпалықтар (борышкердің шоттарына өндіріп алу, мүлікке тыйым салу және т.б.) оларды салған органдардың тиісті шешімдерінсіз жойылатынын еске салды.


Соңғы жаңалықтар