Алматыда прокурорлардың талабымен 700 млн теңге қала бюджетіне қайтарылады

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Прокурордың талап арызы бойынша Алматы бюджетіне 700 млн теңге қайтарылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ведомство мәліметінше, 2018 жылы Н. атты азаматшадан мемлекет мұқтажы үшін Медеу ауданындағы 1 га жер учаскесі мен ондағы тұрғын емес құрылыс (1600 шаршы метрден астам) тәркіленген.

Өтемақы ретінде 696 028 193 теңге төленді.

«Тексеру жылжымайтын мүліктің заңда белгіленген тәртіппен заңдастырылмағанын көрсетті. Осыған байланысты жергілікті атқарушы орган жауапкердің ерікті төлемнен жалтаруына байланысты осы соманы өндіріп алу мәселесімен сотқа жүгінді. Соттың 2020 жылғы 17 наурыздағы шешімімен әкімдіктің талап арызы қанағаттандырылды. Сот орындаушысы қарызды мәжбүрлеп өндіру рәсімін бастады» деп хабарлады Алматы қалалық прокуратурасынан.

Сот шешімін орындау барысында прокурорлар борышкердің 1,8 млрд теңгеден асатын басқа да мүлкін анықтады. Ол оны туысқандарының атына әдейі аударып тастаған.

Осылайша, қарызды төлемеу үшін қаржылық жағдайын қасақана нашарлатқан.

Алматы қаласының прокуратурасы сыйға тарту шартын жарамсыз деп тану үшін сотқа жүгінді.

«Сот қадағалау органының талап арызын қанағаттандырды»,- делінген хабарламада.



Соңғы жаңалықтар