Алматыда Президенттің саяси бастамаларының жүзеге асырылуы талқыланды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда саяси реформалардың үш президенттік пакетін жүзеге асыру бойынша сараптамалық талқылау өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Іс-шараға белгілі қазақстандық сарапшылар, саясаттанушылар, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары және ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері қатысты.

Жиынды ҚР Президентінің көмекшісі, Ұлттық кеңестің хатшысы Ерлан Қарин ашты.

Сараптамалық шара аясында саясаттанушы Андрей Чеботаревтің «Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси бастамалары: 3 пакеттің ерекшеліктері» атты талдамалық баяндамасы таныстырылды.

Баяндамада Мемлекет басшысының саяси бастамаларына шолу жасалып, олардың іске асырылуына талдау жасалды.

Атап айтқанда, баяндамада Қазақстандағы саяси реформалар реттілікпен және кезеңділікпен сипатталатыны атап өтілген.

Автор бұл реформалар коронавирус пандемиясынан туындаған маңызды процестерге қарамастан тиімді жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

«12 маусымда Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚР Президенті қызметіне ресми кіріскеніне екі жыл толады. Бұл ретте сол күні ол қабылдаған алғашқы шешімдердің бірі «ҚР Президенті жанындағы ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру туралы« жарлық болды. Осылайша, Мемлекет басшысы өткен президенттік сайлау кезінде мемлекет пен қоғамның диалогын өткізуге қатысты айтқан ниетін орындауға кірісе отырып, өзінің бірбеткейлігі мен дәйектілігін көрсетті. Осыған қоса, Президент өз Жарлығымен ҚР Президентінің сайлауалды «Игілік баршаға! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітті.

Кейбір тиісті шаралар, сондай-ақ кейінірек белгіленген жаңа шаралар ҚР Президентінің реформалардың үш пакетін жасаған 23 бастапқы саяси бастамаларының негізіне алынды. Бұл ретте 2020 жылы осы пакеттердің алғашқысы толығымен іске асырылды. Қалған екі пакет бойынша тиісті тұжырымдамаларды, заңдар мен заңға тәуелді актілерді әзірлеу, талқылау және қабылдау бойынша жұмыс жалғасуда», - деді «Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығының директоры Андрей Чеботарев.

Ұсынылған аналитикалық құжаттың бір ерекшелігі - баяндаманың жеке бір бөлімі Мемлекет басшысының құқық қорғау саласындағы бастамаларына арналған.

Атап айтқанда, автор жақында Мемлекет басшысы қол қойған «Қазақстан Республикасының Адам құқықтары саласындағы кейінгі шаралары туралы» жарлық шеңберіндегі құқық қорғау бастамаларына шолу жасады.

Сонымен қатар, талқылау барысында алдағы тікелей ауыл әкімдерін сайлауға ерекше көңіл бөлінді.

Сарапшылар ауыл әкімдерін тікелей сайлауға көшу саяси жаңғырудың жаңа кезеңін білдіретін және азаматтарды қоғамдық процестерге тартуға ықпал ететін маңызды оқиға болып табылатынын атап өтті.

Мәжіліс депутаты, белгілі саясаттанушы Айдос Сарымның пікірінше, сайлаудан кейін жаңа талдау жүргізіледі.

«Біздің сарапшы Андрей Чеботарев өзінің талдау орталығымен ауыл және аудан әкімдерін тікелей сайлау бойынша арнайы баяндама дайындады. Қазақстан Орталық Азияда алғаш рет осындай сайлауға кірісуді жоспарлап отыр. Бұл - қоғамға әсер ететін маңызды шешім. Енді осы сайлауды өткізгеннен кейін біз сабақ аламыз, нәтиже шығарамыз және қыркүйек айында үлкен зерттеулер мен талдаулар болады. Бұл - олардың алғашқысы», - деді спикер.

Сондай-ақ, Айдос Сарымның айтуынша, қазір ауылдарда салықтың төрт түрі қосымша қарастырылып отыр.

«Жерге келетін болсақ, мұнда жерді жалға беру, жер телімін сату және басқалар бар. Бұдан әрі жер учаскесінің бағасын ауыл тұрғындары анықтайды. Сол сияқты көптеген өзгерістер болады. Бұл не үшін қажет? Себебі, ауыл тұрғындары өз ішінде біртұтас болуы керек. Қолданыстағы заңда қала немесе ауыл мәртебесін өзгерту үшін бес жыл беріледі. Яғни, Үкімет елді мекенді немесе қаланы қайта құрмайды немесе салмайды. Демек, әрбір ауыл өз тағдырын өзі шеше алады», - деп атап өтті Мәжіліс депутаты.

Жалпы, талқылау барысында ұсынылған баяндама Андрей Чеботаревтің президенттік реформаларды іске асыруды мониторингілеу мен бағалауға арналған үшінші талдамалық материалы екенін атап өткен жөн.


Автор: Алпамыс Исраил


Соңғы жаңалықтар