Алматыда пошта арқылы жіберілген хаттардың 15 пайызы мекенжайды таппай қайтып келеді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда пошта арқылы жіберілген хаттардың 15 пайызы мекенжайдың анықталмауына байланысты қайтып келеді. Бұл туралы «ҚазАқпарат» тілшісіне «Қазпошта» АҚ «Алматы почтамты» филиалы пошта қызметі бөлімінің басшысы Надежда Забурина айтты.

«Қазір қалада салынып жатқан жаңа аудандарда көше, үй нөмірі жоқ. Оларда тек учаске нөмірі көрсетілген. Тым болмаса, хат жеткізушіге бағдар беретін маңдайшалар да ілінбейді. Алматының өзінде Әуезов атында бірнеше көше бар. Ол көше Алматыда да, жаңадан ашылған Наурызбай ауданындағы ауылдарда да бар. Сондықтан, жіберілген хаттардың 15 пайызы жіберушінің атына қайтып барады. Бұған біздің клиенттеріміз наразы», - деді Надежда З абурина .

Оның айтуынша, пошта қызметкерлерінің хат жеткізуде кездесетін проблемалары жалғыз бұл емес. Жеке секторларға хат таситын пошташылар қызмет барысында түрлі жағдайларға ұшырап жатады. Олардың кейбірі жол апатына ұшыраса, кейбіріне көшедегі қаңғыбас иттерден қорғануға мәжбүр. «Жақында біздің бір қызметшімізді қызмет барысында көлік қағып, өлтіріп кетті. Пошташылар арасында өндірістегі жарақат алу фактілері жиілеп отыр», - деді ол. Тіпті, қаңғыбас иттер өріп жүрген жеке секторды айтпағанда, көпқабатты үйлерге кіру де үлкен қиындық туғызады. Қазір әр үйде домофон орнатылған. Пошташы хаттарды қалдыру үшін подъезге кіре алмайды. Егер домофонға ешкім жауап бермесе, ол хаттарды қайтаруға мәжбүр. Бүгін Алматы поштасының ұжымы осындай көкейкесті мәселелерін ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Нұрлан Жазылбековке жеткізді. Халық қалаулысы аталған мәселелерді күзгі сессия барысында заңға өзгерістер енгізу кезінде депутаттық талқыға шығаруға уәде берді.

Соңғы жаңалықтар