Алматыда полиция мектепке бармаған бірнеше баланы тапты

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда шұғыл алдын алу шаралары өтіп жатыр. 5 күннен бері ювеналды полиция қызметкерлері мектепке бармаған балаларды анықтауда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтар мен қылмыстың алдын алу мақсатында 20-24 тамыз аралығында «Жасөпірім мен көше» шұғыл шарасы өткізілуде.

 «Тексеріс барысында Наурызбай аудандық бөлім қызметкерлері кәмелеттік жасқа толмағандарға темекі өнімдерін сатқан дүкенді анықтады. Жасөспірімнің айтуынша,  ол дүкеннен темекіні күнде сатып алатын болған. Сондай-ақ Жетісу аудандық ювеналды полиция қызметкерлерімен қала базарларының бірінде  ата -анасының қарауынсыз жүрген,  жазғы каникул кезінде саудамен айналысқан 3 жасөспірім табылды.  Олар Алматыға басқа өңірден  келген. Жеке басын анықтап, ата-аналарына тапсыру үшін олар   кәмелеттік жасқа толмағандардың бейімделу орталығына берілді. Ата-аналары өз міндетіне салғырт  қарағаны үшін әкімшілік  жауапкершілікке тартылатын болады», - деді Алматы ІІД жергілікті полиция қызметінің ювеналды полиция бөлімінің бастығы Лейла Әліпбаева.

Сондай-ақ Түркісіб аудандық ІІБ қызметкерлері жағдайы нашар әрі аз қамтылған отбасыларды аралады. Шара барысында кәмелетке толмаған 3 баласы бар әйелдің  пәтер жалдап тұратыны белгілі болған. Бұл балалар сабаққа да бармаған екен.

«1 тамыздан бастап 30 қыркүйекке дейін бүкілреспубликалық «Мектепке жол» акциясы басталған болатын. Шара аясында әлгі әйелге балаларын мектепке орналастыруда құжаттарын жасауға көмек көрсетіліп, аудандық білім бөліміне тапсырылады. Бұдан өзге кеңселік тауарлар,  мектеп формасымен қамтамасыз етеміз.  Тағы айта кету керек,  Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңның 127-бабына сәйкес, ата-ана немесе басқа да балаларды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамаған заңды өкiлдер, сондай-ақ жасы 18-ге толмаған балаларға темекі өнімдерін  сатқан тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылады»,-деді Лейла Әліпбаева.

Соңғы жаңалықтар