Алматыда полиция көлігіне «Сергек» камерасы орнатылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда полиция көлігінің төбесіне «Сергек» камерасы орнатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлеуметтік желі қолданушылар жол полициясының ерекше көлігін талқылап жатыр. Көліктің төбесінде «Сергек» камерасы орнатылған.

Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, қалада айыппұл төлемей жүргендерді анықтайтын «Борышкер» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр.

«Алматы полициясы «Борышкер» жедел-алдын-алу іс-шарасын жүргізуде. Жол қозғалысы көп жерлерде шараны өткізуге жол-патрульдік полициясының автокөлік экипажы қатысады. Әкімшілік айыппұлдар бойынша берешегі бар борышкерлерді автоматты түрде есептейтін «ЖҚҚ» ААЖ және «Сергек» АӨК де қолданылады»,- – деді Алматы қалалық ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Нұрлан Аманбек.

Құқық бұзушының көлігі мамандандырылған айыппұл тұрағына қойылады.

«Жоспарланған кезеңдік іс-шара, шектеулері бар адамдар мен көлік құралдарын анықтауға, сондай-ақ, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша міндеттемелерді ерікті түрде, заңмен белгіленген мерзімде орындамаған адамдарды анықтауға бағытталған. Қозғалып келе жатқан көлік ағынының арасында жүйе құқық бұзушының көлігін анықтайтын болса, инспектор көлікті тоқтатады және тоқтау себебін түсіндіреді. Содан кейін құқық бұзушының көлігі мамандандырылған айыппұл тұрағына қойылады. Тұру орнында Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне сәйкес тәркілеу хаттамасы жасалады. Мұндай әкімшілік шаралар құқық бұзушылардың заңды міндеттемелерді уақытында орындауына тиімді әсер етеді деп есептеймін», – деді полиция өкілі.

Сондай-ақ, іс-шараға Өңірлік жеке сот орындаушылар палатасының сот орындаушылары мен Алматы қаласы прокуратурасының қызметкерлері қатысады.


Соңғы жаңалықтар