Алматыда полиция департаменті маңындағы ұрыс 2 түнге созылды – Президент

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі тәртіпсіздіктерді жақсы дайындықтан өткен кәсібилердің шабуылы деп бағалады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Алматы мен өзге қалаларда нағыз шайқас болды. Мәселен, Алматыда полиция департаментінің ғимараты маңындағы ұрыс 2 түнге созылған. Полицейлер террористердің шабуылына тойтарыс берді. Бір ғана Алматыда 7 қару дүкені басып алынған. Бұл – жақсы дайындықтан өткен кәсібилердің, оның ішінде арнайы винтовкалары бар снайперлердің әрекеті», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының кезектен тыс отырысында.

Президент террористердің жеке байланыс құралы болғанын, олардың әскерилер мен құқық қорғаушылардың формасын кигенін атап өтті.

«Олар арсыз түрде жаппай тәртіпсіздік қатысушыларының арасына жасырынып, тірі қалқан ретінде қолданды. Полицейлер мен әскери қызметшілерге саны бойынша бес есе көп бандиттер шабуыл жасады, оларды асқан қатігездікпен азаптады, екі полиция қызметкерінің басы кесілді. Ауруханаларға да варварлық шабуылдар болды. Мемлекет ресурсын түгесу үшін шабуыл ұйымдастырушылар үлкен майдан ашты. Агрессия бір уақытта 11 өңірді қамтыды», - деді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, бүгін ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезектен тыс сессиясы өтті. Жиын Қазақстан тарапының бастамасымен шақырылды.

Еске салайық, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ мүше елдердің басшыларынан ел аумағындағы террористік қауіпті еңсеру үшін Қазақстанға көмек көрсетуді сұраған болатын.


Фото: reuters.com
Соңғы жаңалықтар