Алматыда полиция автобустағы қалта ұрыларын қолға түсірді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қалалық ІІД Криминалды полиция басқармасының қызметкерлері қалта ұрыларын қолға түсірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тәртіп сақшылары қолға түсірген екі ұрының бірі - келіншек. Ол жанындағы сыбайласын сақтандыру үшін еріп жүрген.

«135 бағдардағы автобуста О. есімді азаматшаның «Самсунг» маркалы ұялы телефоны ұрланған. Полицейлер күдіктілерді ізін суытпай тапты. Олар қоғамдық көлікке ұрлық жасау үшін отырған. Күдіктінің бірі - ер адам жолаушының қалтасына қол сұққан кезде, қасындағы әйел оны қалқалап, азаматшаны сөзбен алдаусыратып тұрған. Қазір ұсталғандардың бұрын қылмыстық іске қатысы бары-жоқтығын тексерудеміз. Олар өз айыптарын мойындап, заттай айғақтарды қайтарды», - деді Алматы ІІД Криминалды полиция басқармасының басшысы Есен Ысқақов.

Дәл осы уақытта басқа бағыттағы автобуста полиция тағы бір ұрыны қылмыс үстінде ұстаған. Алғашқы тергеу жүргізу кезінде күдіктіден ұрланған телефон табылды.

«Қалта ұрлығы әдеттегідей жолмен жасалған. Жәбірленуші басқа жаққа алаңдап тұрғанда қылмыскер оның сөмкесіне қол салады да ақшалы әмиянды алады. Бұл оқиға 106 қалалық маршрутта болған. Қылмыстық іске байланысты ҚР ҚК-нің 188-бабы бойынша М.Әуезов және Жетісу аудандық ІІБ тергеушілері сотқа дейін тергеу жүргізуде», - деді Е.Ысқақов.

Осы орайда Алматы полициясы сақ болуды ескертеді.

«Оқу жылы басталғалы бері автобустар лық толы. Қалта ұрылары осы кезде көбейеді. Құнды заттарды киімнің ішкі қалтасына салу керек немесе қолға ұстаған дұрыс», - деп мәлім етті полицейлер.

Соңғы жаңалықтар